Бүгін, 20 наурызда, таңертең Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды, онда үш мәселе қаралды: Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы; Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағаны туралы; Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігінің Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшкені туралы.
Конституцияның 48-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасына көшеді. Өзіне Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға тиісінше Сенат Төрағасының өкілеттігін доғарады.
Осыған байланысты Конституцияның 48-бабының 1-тармағын және «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заң нормаларын басшылыққа ала отырып, ОСК Сенат депутатының өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағаны туралы қаулы қабылдап, Парламент Сенатына тиісті ұсыным енгізді.
https://www.inform.kz/kz/kr-osk-tokaev-senat-toragasynyn-okilettigin-dogarady_a3509217