«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШТАН АТ ОЗДЫРҒАН АҚЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірі – әдебиет пен өнерде, білім мен ғылымда сайдың тасындай небір сайыпқырандар, тарлан таланттар, дара дарындар шыққан қасиетті мекен. Солардың қатарында Мағжан Жұмабаев ауданындағы Дүйсеке ауылында дүниеге келіп, көзі тірісінде айтыс сахнасында шолпан жұлдыздай жарқыраған ақын, аудармашы, драматург Ерік Асқаровтың есімі ерекше ілтипатпен аталады.

Әсіресе, айтулы тұлғаның ұлтымыздың көне өнері – айтыскерлік дәстүрдің ортамызға қайта оралуына қосқан үлесі өлшеусіз. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Алатау баурайында өткен республикалық аламан айтыста алмас қылыштай жарқылдап, отты жырына тәнті болған көрермендерді орындарынан бірнеше мәрте тұрғызып, қол соққызғаны ұмытылмақ емес. Петропавлдағы Жастар сарайында өнер аспанынан құйрықты жұлдыздай ағып өткен тұлғаның туғанына алпыс жыл толуына орай “Қайың де мені көшпейтін туған өлкемнен” деген атаумен ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысына жиналған дүйім халық та орнынан тұрып, ақын рухына тағзым етті.
Қызылжар аспанын думанға бөлеген дүбірлі доданы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жүргізіп, кезінде Ерік Асқаровпен қатар өнер көрсеткен Абаш Кәкенов, Қанша Райысова, Құдайберлі Мырзабек, Аманжол Әлтаев, Айтақын Бұлғақов, Серік Құсанбаев, Қуаныш Мақсұтов сияқты айтыс тарландары, Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Мұхтар Ниязов, Бекарыс Шойбеков сынды жыр сайысының белгілі өкілдері сөз семсерін жарқылдатты.
– Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қасиетті Қызылжар өңіріне табан тіреп отырмыз. Ерік Асқаров Алаштан ат оздырған ақын еді. Кешегі 1980-1990 жылдары қазақ телевизиясында аймақаралық айтыс жобасы басталған кезде Алматыға Мағжан елінен Кеңес Тынымбаев бастаған бір топ ақындар келуші еді. Солардың қатарында Ерік те болатын. Сазға біткен құрақтай қылшылдаған кезі. Талантымен қазақ айтыс өнерінің белгілі тұлғасына айналды. Ол сөзге тыйым салынған кезде жарқылдап шығып, сыбырлап қана айтылатын әңгімелерді дүрілдете жырлады. Қазақ халқының санасын тәуелсіздікке үндей білді. Қамшының сабындай ғұмыр кешкен ұлының алпыс жылдық тойын айтыспен атап өтіп жатқан облыстың басшыларына, қазақ руханиятының жанашыры, белгілі кәсіпкер Жомарт Омаровтай азаматқа мың да бір алғыс, – деді Жүрсін Молдашұлы.
Әр өңірдің намысын арқалап келген дүл-дүлдердің өнеріне Әсия Беркенова (төрайым), Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов есімді Қазақстанның халық ақындары, Жарасбай Сүлейменов, Баянғали Әлімжанов, Дәулеткерей Кәпұлы, Ақберен Елгезек сынды белгілі қаламгерлер баға берді.
Сарабдал ой мен салиқалы сөзге шөліркеген жырсүйер жұртшылық он сағаттан астам уақыт тапжылмай отырып, он бір жұп ақынның жыр сайысын тамашалады. Залдағы қарақұрым халыққа қарап, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі Қызылжарда қазақтың төл өнерінің төрге озып, туған жерден шыққан тарландарға құрметтің еселеніп отырғанына қуанасың, көңіліңді мақтаныш кернейді. Осының бәрі тұғырлы Тәуелсіздігіміздің арқасында мүмкін болып отырғаны ақиқат. Ежелден еркіндіксүйгіш, сөз қадірін түсінетін халқымызға Алланың назары түсіп, төрде отырып сөз тыңдайтын жағдайға жеттік. Атақтарынан ат үркетін кіл жүйріктердің дүбірлі бәсекесін тамашалауға келген ағайынның зәулім сарайға сыймай қалуы осыны аңғартпай ма?
Жиналғандарды мерейлі шараның ашылуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет айтулы тұлғаны жас ұрпақтың жадында жаңғырту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды айта келіп, осындай жиындар алдағы уақытта пайдалануға берілетін жаңа қазақ театрында өтетінін сүйіншілей жеткізді. Ақынның аяулы жары, ошағының отын сөндірмей, түтінін түтетіп отырған Нәсіпжан Медиқызына қамзол кигізіп, сый-құрмет көрсетті.
Айтыс ә дегеннен тартысты басталды. Бірінші жұп болып сахнаға Бекарыс Шойбеков пен Мұхтар Ниязов шықты. Екеуі де шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрік. Түркістандық Бекарыс Шойбековтің осыған дейінгі айтыстарда қарсылас шақ келтірмегені, бір күнде бірнеше ақынмен айтысып, жеңгені, қалың топтан қаймықпай қадау-қадау ой айта білетіні көпке мәлім. Оны бұл жолғы қарсыласы Мұхтардың “Бетіңізге тірі адам бата ала ма?” немесе “Жаппай қырып-жоятын қару құсап, Әдетің барған жерді қыратұғын”, деген сөзінен-ақ ұққандай болдық. Ал “Алтын домбыра” айтысында екі мәрте бас бәйге алған Мұхтар ақынды жұртшылық жыр дариясына айналған Манап, Тұрмағамбет сынды сыр сүлейлерінің сарқытындай көреді. Талғампаз тыңдарман сенім артқан екеуі де өздерінің баптарында екенін дәлелдей білді. Бұл додада қос ақын тарапынан бір-біріне деген тапқыр тармақтармен кестеленген астарлы әзіл де, айшықты сөз тіркестері де айтылды.
Тарихқа үңілсек, қай заманда болмасын ақын әр сөзін ерекше сақтықпен өріп, қарсыластың шабысын қырағылықпен бақылап отырған.
Мұхтардың:
“Не өндіріс білмеймін барлығын да,
Аралап көрмеген соң әр қырыңды.
Бірақ та дүкендерден күнде көрем,
Кішкене сүт құйылған қалбырыңды.
“Петропавлское” деген сүт бар еді,
Соны ішіп, өн бойыма қан жүгірді.
Ағайын, ақ сүтіңді ішкеннен соң,
Анамдай жақсы көрем барлығыңды”, – деген шумағы Қызылжар жұртшылығының ерекше ықыласын аударса да, ақын осы сөзінен сүрінді. Есесіне қарсыласына қарата айтқан “Екінші тынысыңнан айналайын, Түркістан облысымен бірге ашылған”, деген түйіні сәтті шықты.
Бекарыс Шойбеков домбырасын ала бере:
“Бұл баланың бір жақсы қасиеті,
Қай жерде не жегенін айтып жүред(і), немесе
Қызыл күрең шайына сүт қосқандай,
Әр сөзіне өтірік қосып айтад(ы).
Жаман адам ішкенін айтады деп,
Атам қазақ әуелден кесіп айтад(ы).
Ініміздің көргені аз болған соң,
Ішкенін айтпағанда несін айтад(ы), сондай-ақ, “Апырау, Қызылжарға көшпейтіндей, Ол жақта кімнің сүтін қимай жүрсің”, – деп ұтымды өрілген шумақтарымен жұртты қыран-топан күлкіге батырды. Оған Мұхтар: “Мен білдей бір директор емеспін ғой, Ішкені мен жегенін жасыратын” немесе “Жегенін айтады деп жерлеп тұрған, Бекеңнің өзін қазір түтіп жеймін”, деп шаппа-шап жауап қайтарды. Осылайша, алғашқы жұп залдағы жұртшылықтың делебесін қоздырып, қыздың жиған жүгіндей мәнерлі, мағыналы жырларымен көрерменнің көңілінен шықты.
Екінші жұп Қызылорда облысының намысын арқалап келген Әбілқайыр Сыздықов пен Көкен Шәкеевтің шәкірті, көкшетаулық Құдайберлі Мырзабектің айтысынан көрермен нағыз сөз сайысының шарпысын, нағыз доданың тартысын күткен еді. Айтысты бастаған Құдайберлі ақын өрнекті шумақтар айта білді. Он жеті жылдан кейін сахнаға шығып тұрған тәжірибелі айтыскер бабында екенін көрсеткенімен, қарсыласы Әбілқайыр ақын оның шабытына шабыт қосып, шумағын шарықтата алмады. Құдайберлі Қызылорданың гүлденуіне Қызылжар өңірінде дүниеге келген Еркін Әуелбеков, Жәлел Қизатов сынды айтулы тұлғалардың үлес қосқанын айтып, тақырып арнасын ашып еді. Әбілқайыр ойды іліп әкетуге келгенде сәл осалдық танытты.
Үшінші жұпты жұртшылық асыға күтті. Олар екеуі де Еріктің ізін басып келе жатқан құлындар. Айыртау ауданының тумасы Мұхаммед Қоңқаев пен шалақындық Әлібек Серғалиевтің де сөз сайысы жақсы басталды. Екеуі де бабында екендерін, дайындықтарын көрсетті. Мұхаммедтің Жүрсін Ерманға:
“Сіз маған Қыдыр ата сияқтысыз,
Тек Наурызда келетін төрімізге,
Бір ауылдың қос ұлын айқастырып,
Бірі өліп, бірі қалсын дедіңіз бе?” – деп қалжыңмен қарата сөз арнауы жұртшылықтың езуіне күлкі үйірді. Содан кейін “Әлін білмес, Әлібек, қалың қалай?” деп қарсыласының мысын басуға құмартты. Ал Әлібек Серғалиевтің:
“Әтеш қанша бүркіт боп талпынғанмен,
Бәрібір аса алмайды қорасынан” немесе
“Орманын менсінбеген Көкбөрім-ай,
Қай шыбыққа сүйеніп ұлып жүрсің?” деп сауал қоя отырып жауап беруі әсерлі шықты. Осыдан он шақты жыл бұрын Астанада өткен аламан айтыста үлкен сахнаға шығып, жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген Әлібек Серғаливтің түйдек-түйдек шумақтарынан біраз ізденгені аңғарылды. Өзге ақындардан ерекшеленіп көрерменге Ерік Асқаров болып сөз арнап, жанарларына жас үйірді.
“Қазағым, қайсар елім, саған рақмет,
Тірі кезде жүрген ем халықпенен.
Нәсіпжан, асыл жарым, саған рақмет,
Менің төрт құлынымды тауып берген.
Қонысбай, алтын ағам, саған рақмет,
Алматыда жолыма бағыт берген.
Туған жерім, Қызылжар саған рақмет,
Тірі жүрген адамдай дәріптеген”.
Жұртшылық Еріктің тәтті жырын тыңдағандай орындарынан тұрып қол соқты.
Бұл жұптың сөз сайысын тыңдаған залдағы жұртқа қарап отырып, “Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын“ дегендей, адал ниетті аңғару қиын емес еді.
Сахнаға төртінші болып шыққан есімдері елімізге белгілі ақындар, Серікзат Дүйсенғазин мен Аманжол Әлтаевты тыңдарман асыға күтті. Екі ақын қайын аға мен күйеу бала болып сөз қағыстырып, әдемі айтыс өрнегін көрсетті. Аманжол Әлтаевтың: “Шық бермес Шығайбайдың” өзі екенсің” деген уытты қалжыңына Серікзат Дүйсенғазин:
“Қайын жұрттың байлығын тонап алып,
Қайқаңдап Еуропада қашып жүрген” кейбір күйеусымақтарды өзімен салыстыра отырып, қатаң сынға алды. Әр тармағын байыппен жеткізе білетін Серікзат ақынның:
“Үкілі Ыбырайдың ауылына,
Үкіңізді неліктен тақпай келдің?” – деген сауалына Аманжол ақын:
“Анамның он төртінші баласы едім,
Мен оның балапаны қанат керген.
Үкімді алғаш рет бөрігіме,
Ырымдап асыл анам қадап берген.
Бөркіме сол үкімді екінші рет,
Ақмарал, асыл жарым тағып берген.
Кеткен соң анам, жарым қасымдағы,
Үкімді шешіп қойдым басымдағы.
Үкі тағып үлпілдеп жүретіндей,
Бұрынғыдай ақ шуақ шашылмады.
Амандығы екен ғой отбасыңның,
Өмірдің түсінгенге асыл бағы”, – деп жауап берді. Айтыс үстінде Аманжол күйеу баласына:
“Сенсіз де түлкібайлар аз емес қой,
Халықты жүретұғын алдап алып”, – деп шапанының екі иығына түлкі тағып келгеніне тиісті. Өз кезегінде Серікзат ақын:
“Басқа басқа аңшының баласына,
Шыққаны жараспай ма түлкі байлап”, – деп ұтымды шумақ өрді. Аманжол Әлтаевтың Қызылжардың бір аруын сахнаға шығарып, қолындағы жүзігін сыйға беруі жарасымды болды.
Тыңдарманның шөлін келісті қалжыңмен, әсерлі әуезбен қандырған жұптан кейін сахна төріне Ерік Асқаровтың көзін көрген Қарағандының “сары тентегі” Қуаныш Мақсұтов пен шығыстың белгілі ақыны Абаш Кәкенов көтерілді. Қуаныш ақынның Қызылжар көшелерінің қазақшалануы, Ерік Асқаровтың атына көше беру туралы айтқан ұтымды ойлары көпті өзіне үйіріп әкетіп отырды. Кезінде ақындығымен, суырсалмалығымен көпшіліктің көкейінде жатталған Абаш ақын бұл жолы бабы болмады ма, көсіліп шаба алмады. Әйтсе де оның, Ерік Асқаровтың әуеніне салып:
“Көзкөргенім, көзкөргенім,
Дүние өзгерсе де өзгермедің”, – деп жырға қосуы сәтті шықты.
Алтыншы жұпты жұртшылық үздіксіз соғылған шапалақпен, қиқумен демеді. Өйткені, айтыс ақыны Олжас Отармен сөз үзеңгілестіруге Ерік Асқаровтың тұяғы Бекзат Ерікұлы шықты. Бұл айтыс әкесінің мерейтойы құрметіне алдағы уақытта Астана қаласында үлкен жиын өткізуге ұйытқы болып жүрген Бекзаттың сахнадағы тұсауын кескендей болды.
Айтыста қос ақынның еркін көсіле шабуына қарсыластың да мықты болғаны маңызды. Аламанның ақтаңгері атанған Айбек Қалиевтің шабыттанып шырқауына қарсыласы ақынның “доллор тоқсан болғанда кетіп қалып, үш жүз жетпіс болғанда қайтып келген”, деп әзілдегеніндей, біраз жылдан бері айтыс сахнасынан көрінбей кеткен қордайлық (Жамбыл облысы) Күмісай Сәрсенбаева мүмкіндік бермеді десек қателеспегеніміз болар.
Әр айтысын жоғары деңгейде өткізетін Айбектің:
“Бауырдан ұлт намысын биік қойған,
Батыр Баян секілді өрді көрем.
Қожаберген толғаған зарды көрем,
Шал ақын жырға қосқан шерді көрем.
Сызылтып Сегіз сері әнге қосқан,
Гүлтөбе – Маманайдай белді көрем.
Марғасқа Мағжандарды толғандырып,
Толқыны толқын қуған көлді көрем, – деп амандасуы жұртшылықтың көңіліне шуақ сыйлады. Ол Ерік ақынның көзі тірісінде ұлтқа, елге жасаған еңбегін байырғы дәстүрлі іздің бабымен тәтті әуезге қондырды, қайны болып жеңгесін жетелеп отыруды да ұмытпады.
Талғампаз көрермен алматылық ақын Серік Қалиевпен айтысқан Қанша Райысованың дайындығы келіспегенін бірден байқап, бас шайқаумен болды. Бұл сөз сайысынан түйдек-түйдек тармақ, орамды ой күткен жұрт кішкене жалыққаны рас. Нағыз қазақ анасының бейнесінде кимешек киіп келген Қанша ақынның баяу өрілген шумағына қарайласып, реті келгенде жол беріп отырған Серік Қалиевті осал ақындардың қатарына қоса алмаймыз. Оның кезінде талай дүбірлі додада “Жүрсіннің жүйріктерінің” арасынан оза шауып, көрермен көзайымына айналғанын жұрт ұмыта қойған жоқ.
Бұл іркілісті Шығыс Қазақстан облысынан ат арытып келген Серік Құсанбаев пен қызылордалық ақын, жырау, термеші Кенжебай Жүсіпов сәл серпілткендей болды. Серік Құсанбаев төкпе жырдың түйінін тарқатты. Айтысты бірінші болып бастаған Серік ақын:
“Қазақтың байтақ даласы,
Бабадан бізге бұйырған.
Дала үшін болған шайқаста,
Қаншама ерлер құрбан боп,
Қаншама тағдыр қиылған.
Қазіргі көп шенеунік,
Елдің жайын ойламай,
Құдайға емес көктегі,
Мұнайға ғана сыйынған” немесе
“Өлең деп жоқты-барды терген жоқпын,
Сөзіне әзәзілдің ерген жоқпын,
Елімнің мұңын егер айта алмасам
Бұл жерге бас мүжуге келген жоқпын”, – деп қоғамымызда ана тіліміздің, ата дініміздің салтанат құруына, әлеуметтік жағдайға, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, көпбалалы аналардың жағдайы сынды күрмеуі қиын мәселелерге маңыз берді. Сыр өңіріне есімі белгілі ақын Кенжебай Жүсіповтің шырайлы шумақтарында да түйінді ойлар аз кездеспеді.
Талай дүбірлі додаларда қарсылас құрған қақпаннан өрнекті сөз, әсерлі әзіл арқылы сытылып шығып отыратын, ақындар арасында “екі иығын жұлып жейтін, зікірші” атанған тәжірибелі ақын Айтақын Бұлғақов пен шымкенттік Маржан Есжанованың сөз қақтығысы да әсерлі өтті. Атына заты сай Маржан ақын теңіз түбінен маржан сөз тергендей көкейді тескен көп дертті жайып үлгеріп, қарсыласын әзіл-қалжыңмен әде­мі түйреп, қазақ қызына тән қай­сар­лы­ғы мен ибалы ойлары орайласып, көпті өзіне үйіріп әкетіп отырды.
Маржанның:
“Маржан жырмен ұрғанда өтпесін деп,
Өзің де бөрік киіп кеп тұрсың ба?
Жас кезіңде қырғаның шамалы еді,
Қартайғанда қатырамын деп тұрсың ба?” – деп шап бергеніне,
“Ол иықпен көтерсе елдің жүгін,
Сен екі иығыңды жұлып жүрсің.
Ол айтыста ананы құрметтесе,
Сен әлі қыз-қырқынды қуып жүрсің”, – деп өрілген әзіліне қол соқпаған адам қалмады.
Айтыстың алғашқы айналымын түйіндеген ақиқатқа алдаспан суырып жүрген ақын Ринат Зайытов пен өзіміздің жерлесіміз Жарқын Жұпархан да сәтті өнер көрсете білді. Жарқын жақсы дайындалғанын көрсетіп, ортаға орамды ой тастады, осылайша “айдаһар” ақынның аузына жұтылып кетпеді. Ал Ринат болса інісінің талабына ізеттілік танытып, оның ойы мен сөзін әрі қарай іліп әкетіп, еркін көсілуіне мүмкіндіктер жасап бақты.
Сонымен не керек, 11 жұпты құраған 22 ақынның жыр додасын көрермендер аяғына дейін қыбыр етпей тыңдады. Олардың арасынан іріктеліп шыққан төрт жұп ақтық сынға жолдама алды. Финал да тартысқа толы болды. Жас ақындардың ағаларына жолдарын беріп, жүлделі орын үшін айтысудан бас тартқандары үлкен құрметтің белгісіндей көрінді. Сөз сайысында жүйріктігін жүйелі сөзімен дәттеген ақындар, жерлесіміз Ерік ақынның рухын нұрға малып, аруағын бір аунатып түсіргендей түйткілді тіркестер, қарсыласты сөзден тостырған қағытпа қалжыңдар да айтылды. Солардың бірқатарын тізбектеп айта кетсек артық болмас. “Салмағын одан сайын арттырсын деп, Қорғасын құймаушы ма еді сақаға да”, “Еріктің арасында Петропавл, бір күнге Ретропавл болғалы тұр”, “Айтыстан қуып шыққан ақындарың, Алдыңнан қазы болып шығатынын”, “Еліме жырдың майын асатайын, Жегендей Есенейдің соғымынан”, деген сияқты түйіндер тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Ақындардың Ерік ағамыз туралы:
“Қайсар ер қалың жұртты қолдағанда, Жайсаң ел қолын соғып тұрып алған. Ер ағамның ерлігін сол кездегі, Қайталау бұл ұрпаққа бүгін арман. Алпыстың асқарына шықпай тұрып, Айтыстың аспанына шығып алған немесе Қолымыздан келері дұға қылу, Жаратқан қылғаннан соң дінді жолдас, Әйтпесе, Алты алашты тік тұрғызған, Енді ешкім орынынан тұрғыза алмас”, – деп жырлағандары азамат ақынын ардақтап келген тыңдармандарды желпіндіріп тастады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге (2 миллион теңге) Шығыс Қазақстан облысының өкілі Серік Құсанбаев лайық деп танылды. Бірінші орынды (1 миллион теңге) шымкенттік Маржан Есжанова жеңіп алды. Екінші орынды (700 мың теңге) қарағандылық Аманжол Әлтаев, үшінші орынды (500 мың теңге) қызылордалық Мұхтар Ниязов пен түркістандық Бекарыс Шойбеков иеленді. Мағжан Жұмабаев және Игібай Әлібаев атындағы арнаулы сыйлықтар (300 мың теңге) Серік Қалиев пен Құдайберлі Мырзабекке тапсырылды. Қалған ақындардың әрқайсысына 200 мың теңге көлемінде шабыттандыру сыйақысы берілді.
“Алуан-алуан тұлпар бар, әліне қарай шабады” демекші, бәй­ге­де біреудің озып, біреудің қалып жатуы әлімсақтан белгілі жайт. Жүлде алмай қал­ғандардың аузына сөз түспей қалды деп те айта алмаймыз. Біздің айтпағымыз, халқы­мыз­дың төл өнері мұндайда намысты аза­мат­тардың демеуімен биіктеп жататыны тағы рас. Жыл сайын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылжар даласын аламан дүбірге бөлеу, тоң болып қатқан мұзды ақындардың жауһар жырларымен жібіту игі дәстүрге айналып келеді. Осының ұшар басында ұлт, тіл жанашырлары Сүйіндік Жолдасбаев, Нағашыбай Барлыбаев, жоғарыда есімі аталған Жомарт Омаров есімді қалталы азаматтардың тұрғаны анық. Рухани шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болып, басы-қасында жүрген, ақын Жүрсін Ерман көпшілікке өзі басқарып отырған Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының облыстық филиалы ашылғанын, оны айтыскер ақын Жарқын Жұпархан басқаратынын айтып, көрермендерді бір қуантып тастады.


Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp