Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеу жариялап, өз еркімен президенттік құзыретін тоқтатуы еліміз үшін күтпеген жағдай болды. Бұл – тарихтың қойнауына енген маңызы жоғары, мәні терең айтулы оқиға.
Өкілеттігін тоқтатқан Елбасымыздың бұл шешіміне түсіністікпен қарауға тиіспіз. Ол отыз жыл елімізді басқарып, биік дәрежеге көтерді. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын, халқының баянды бақытын ойлаған Нұрсұлтан Әбішұлының кемел саясатының арқасында бүгінгідей жетістікке қол жеткіздік. Елбасының атқарған еңбегі орасан.
Оның бұл шешімі дер кезінде айтылды деп ойлаймын. Сенім биігінен, абырой беделінен көрінген азаматтың билік басындағы басшыларға дұрыс жол көрсетуі – құптарлық іс. Көпті көрген адам ретінде оның таңдауына ешқандай күмән болмауы тиіс екенін айтқым келеді. Көреген басшы, сұңғыла саясаткер, қарымды қайраткерге еліміздің әр азаматының құрметі ортаймайды.
Әрине, Елбасының өкілеттігін тоқтатуы көңілде алаң туғызғаны жасырын емес. Өйткені, елдің ендігі жағдайы қалай болар екен деген ой бізді мазалайды. Дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде қолға алынған бағдарламалар, стратегиялық жоспарлар бар. Оны жүзеге асыру – біздің міндетіміз. Оның үстіне Мемлекет басшысы президенттік құзырын тоқтатса да, Қауіпсіздік кеңесінің, “Nur Otan” партиясының төрағасы ретінде еліміздің сыртқы, ішкі саясатының дамуына әлі де үлес қосары сөзсіз. Сондықтан көңілде ешқандай қорқыныш болмауы керек.
Экономика, білім, ғылым, мәдениет пен денсаулық салаларын дамыту үшін Нұрсұлтан Назарбаев барлық мүмкіндікті жасады. Құдайға шүкір, оң өзгерістер жетерлік. Тіпті, өткенге көз жүгіртіп, ой елегінен өткізсем, мол табысқа кенелгенімізге кейде таңғаламын. Әрине, кемшін тұстарымыз да жоқ емес. Олқылықтың орнын толтыру үшін барынша жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ Тәуелсіздік алған аз уақыттың ішінде көп жұмыс тындырдық. Биік белестен көрініп, Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықта өзінің орнын ойып тұрып алды.
Ал кеше Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, өзіне жүктелген мәртебелі міндетті орындауға уәде етті. Бұған дейін талай жауапты қызмет атқарып, абырой биігінен көрінген бұрынғы Сенат төрағасына ел тізгіні сеніп тапсырылды. Парламент отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгертіп, Тұңғыш Президенттің құрметіне монумент орнату туралы айтқан ұсыныстары орынды. Тәуелсіз Қазақстанды құрудағы тарихи үлесі, экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық дамытудағы, қазақстандық қоғамды топтастырудағы ерен еңбегі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа “Алтын жұлдыз” орденін тапсырып, “Халық қаһарманы” атағын беру Тұңғыш Президентімізге көрсетілген лайықты құрмет деп білемін.
Халқымыздың басты байлығы – тәуелсіздігі. Сондықтан тәуелсіздігіміздің тұғыры мәңгілік болуын армандаймын. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың да ел тізгінін ұстайтын бүгінгі жастарға сенімі зор.
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.