«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҚСАН БІРІНШІ КҮЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқсан түрлі күй шығарып, Арқа жерінде “Тоқсан күй” атанып кеткен өнерлі қарт болған. Оның домбырасының үні сан түрлі ойға жетелеп, жан тебіренткен. Тарихта қария күй тартқанда, адам түгіл, жүгірген аң мен ұшқан құс аялдаған деген аңыз да бар.

Тәттімбет жас кезінде күйді осы қарттан үйренген екен деседі. Серілік шақтың қызығына батқан жігіт әу баста Тоқсан күйдің шығармашылығына емес, қызына ғашық болыпты да, домбыра тыңдап, күй үйренуді сылтау етіп, сол үйге ертелі-кеш бара берген. Кештердің бірінде төрт қабатталған көрпе үстінде жантая отырып, қарт домбырасын шерте жөнеліпті. Оның бойжеткен қызы қалам қасты, биік қабақ, ақ жүзді Көкенай шеңберге керген ақ матаға әшекейлі кесте тігіп отырса керек. Сөйтіп, Тәттімбет әкелі-балалы екі шебердің бірінің қос шектің тілімен, бірінің кестенің бізімен өрнек өмірді өрнектегеніне куә болыпты.
Кештердің бірінде әлгі жігіт ақырындап Көкенайға сөз айтады, жүрегінің мұңын шағады. Шалдың сазды күйлеріне де ынта қояды. Бірақ оған қыз көнбейді, күй қонбайды. Қыздың көнбейтін себебі, айттырып қойған жері бар екен. “Қайтейін, алтын басым бір байланды, менен аулақ бол, әкем ұрысады”, – депті бойжеткен. Оның үстіне қалыңмал төлерлік жігіттің дәулеті жоқ. Ал күйдің қонбайтын себебі, тартқан күйінің бәрі қарттың тоқсан туындысына ұқсап, жоқты таппай, барды қайталай берген.
– Домбырада өз сырың, өз үнің жоқ, бұрынғы көштің сүрлеуімен кетіп барасың, – деп, қарт жігіт тартқан күйлерді жаратпай отырған.
Жігіт көп ойланады, күндіз-түні толғанады. Ақыры домбыра тіліне ғашық қызының бейнесін түсіреді: Көкенайдың жорғалай басып жүргені, күміс үнмен күлгені, шолпысының сылдыры, жібек шашының сыбдыры, көйлегінің етегі, орамалының желеңі, ең соңында, қабақ түйгені, жұмбақ сүйгені – осының бәрі қисынын тауып, күй тілінде тербеледі. Арудың әрқилы мінезі: жадыраған шағы да, мұңайған сәті де, адал ойы мен ақ арманы да домбыраның бірде тасыңқы, бірде басыңқы, бірде баяу үнімен шертіледі.
Жігіт келіп осынау жаңа туындысын тартқанда, Тоқсан күй аузын ашып, көзін жұмып, асқан бір ләззат аясында отырып қалып, домбыра сазына жан-тәнімен ілескен екен де, күй шалқып барып, өкінішті қайырылып кілт тоқтағанда: “Аһ! Аһ!”, – деп көзін ашыпты.
– Қарағым-ай, – депті Тоқсан күй, – мынау сазың менің тоқсанымның өресінен асып, жаңа бір даңғыл жолмен кетті ғой…
– Онда ақсақал, бұл тоқсан бірінші күй болсын! – депті жігіт.
– Күйіңде сен әйел бейнесін кестелепсің. Осыны тыңдаған әйел затының ішінде сені сүймейтіні болар ма, сірә? – деп, аңғал қарт аңқылдай түсіпті.
– Неге болмасын, – депті жігіт жымия сөйлеп, – тіпті маңына жуытпайтыны да бар.
– Ондай әйел заты табылса, жетектеп маған алып келші өзін. Көрейін сені жақтырмағанын, – деп қарт одан әрі сілтеген екен.
Көкенай күйді де, осы әңгімені де естіп отырса керек, әкесінің мына сөзі құлағына келгенде, кесте бізін шеңберге қадай салып, бармағын тістеген деседі.

Диас ДУМАНҰЛЫ, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің музыкалық білім мамандығы  бойынша студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp