«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚ БОЛМЫСЫМЕН ТАМЫРЛАС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан төрт жыл бұрын мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Президент сайлауы қарсаңында хат жолдап, оған ағалық батамды беріп едім. Бұл әз-Наурыздың қарсаңы болатын. “Жасым тоқсаннан асып, Жамбылдың ғұмырына жақындап қалдым. Өткен ғасырда халқымыздың басынан өткен тарихи оқиғалардың бәріне куә болдым.

Ашаршылық пен қуғын-сүргін, алапат соғыс, тың игеру, жылымық заман, қайта құру мен Тәуелсіздіктің алғашқы таңдары – бәрі менің көз алдымда өтті. Қазақ бірде құлдырап, бірде өрлеп, қилы замандарды басынан кешті. Бірақ қазіргідей «алтын ғасыр” халқымыздың басында ешқашан болмаған”, – дей отыра ақ батамды беріп, сайлауда жеңіс тілеген болатынмын. Елбасы тілегімізді теледидар арқылы оқып, дүйім қауымның алдында менің атымды атап, алғысын білдіріп еді. Бүгіндері еліміз Тұңғыш Президенттің сындарлы саясатының арқасында биік мақсаттарды бағындыруда.
Қазақтың Наурызы ықылым замандардан бергі кіндігімізбен байланған, болмысымызға айналған, жан дүниемізде жайланған жылдың басы. Осы асылымыздан алпыс екі жыл бойы көз жазып қалып, одан Тәуелсіздігіміздің арқасында Тәңірі жарылқап қайта қауышып, арқа- жарқа қуанышпен дүбірлеп, күмбірлеп көзайым болған керемет күндер де дәл бүгінгідей есімізде. Қазір ойлап қарасам, мен ес білген жылдары діндар атам мен әкемнің үнсіз шешімімен үйде ерекше ахуал орнап, үстімізге бар жақсымызды киіп, отбасы мүшелері ғана білетін салт-дәстүрлер орындалатын. Біз жылы-жұмсақ жегенге мәз болушы едік. Елде тыйым болса да, біз бұл дәстүрді берік сақтадық. Есейе бастағанда ғана бұл мерекенің мән-мағынасына қанықтық. Тәубе дейміз, бүгіндері Наурыз елімізді мекен еткен барлық халықтың ортақ мерекесіне айналып отыр. Қаншама қапаланған үзілістен кейін халқымызбен қайта табысқан Наурызымыз көк байрақты Тәуелсіздігімізбен бірге жасап, бірге мерейленіп, бірге шаттанып, елдігімізге, бүтіндігімізге, бірлігімізге қызмет етіп келе жатуының өзі бір ғанибет емес пе?!
Наурыз Қазақстанның әр үйінде, әр отбасында, әр қазақтың ғана емес, әр қазақстандықтың да жан- жүрегінде орнады. Әлбетте, Наурыз – қазаққа ғана тән емес, жыл басы ретінде ол қаншама шығыс халықтарына, күллі түркі қауымына, басқа да жамағат ағайынға ортақ мереке.
Бірақ солардың ішінде, әсіресе, қазақтың Наурызы жанымызға жақын, жарқырап көрінеді. Наурыз нақ осы қазағымыздың жанынан жаралғандай, тамырын қуалаған қанынан нәр алғандай. Наурыз тойланғанда халқымыздың болмыс-бітімі, ажар-келбеті, дара қасиеттері, өнері, ән-жыры, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, мінез-құлқы түгел көрініс тауып, “Қазақ осы!” дегендей өзімізді танытуы да тамаша ұлағат.
Өз қолымыз өз аузымызға жеткен бостандық жылдарымызда Наурыздың халықаралық мерей-мәртебесі өрлеп көтерілді. Бүгіндері Ұлыстың ұлы күнінің Еуразия құрлығындағы, Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт елдерде тойланып жатуы тап қазір таңғаларлық жағдай емес. Наурызымыздың бұлайша дүйім дүниеге таныла бастауы да Тәуелсіздігіміздің арқасы екендігіне шүкір дейміз.
Осы Наурызды ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаев өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында “Қазақтың жаңа жылы” деп айдарлап, оның діни мейрам еместігіне, тұрмыс, шаруашылық мерекесі екендігіне баса мән берген екен. “Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы іс жасайтын… мейрам ету керек”, деп өсиет қалдырыпты. Біздің Наурызды тойлауымыз осы Мағжан ақын айтқан үдеден шығып та жатыр деп ойлаймын.
Ұлыстың оң, ақ пен төлдің мол болуын, ырыстың ортаймауын тілейтін тілек осыны аңғартады. Сонымен қатар бүгінгі қоғамға ең пайдалысы, Наурыз тойларымыздың ең басты тілегі – ешқашан өлмейтін, көнермейтін рухани тазаруды мұрат тұтқан, ізгілік пен адамгершілікті, мейірім-махаббат пен бауырмалдықты жалау еткен тілек екендігі де бір ғажап. Иә, қазақтың жаңа жылдың тілегі мен ниеті әрқашан ақ. Наурыз нақыштары жыл өткен сайын бедерленуде, мазмұны байи түсуде. Десе де, ұлттық жыл басымызды жаңартып түрлендіру, тағылым-ғибраттарын толықтырып, мағынасын молықтыра беру, мәртебесін асыру – басты міндет.
Бұл іске өңір баспасөзінің қарашаңырағы – “Soltústik Qazaqstan” газеті де өз үлесін қосып келеді. Мен өзімді келесі жылы алғашқы саны шыққанына бір ғасыр толатын “Soltústik Qazaqstan” газетінің ең байырғы оқырманының бірімін деп санаймын және оған толық құқығым бар. Алла жазса биыл күзде 95 деген жастың төріне шықпақпын. Тәңір сыйлаған ғұмырдың арқасында бүгіндері ұрпағымның ортасында бақуатты өмір сүріп жатқан жайым бар. Саналы ғұмырымда кездескен барлық сындардан қал-қадірімше сүрінбей өтіп, бүгінгідей “қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған” заманда өмір сүріп жатқаныма шүкіршілік етемін, елімнің, халқымның амандығын тілеймін. Өңіріміздегі қазақ тілінде жарық көретін басылымның алғашқы саны қолыма қашан тигені есімде жоқ, алайда, Ғабит Мүсіреповтің кіндік қаны тамған ауылдағы мектепте оқып жүрген жылдарымнан сырласыма айналды десем болады. Қазір көзімнің нұры тайғандықтан мектепте оқитын шөберем Риат сабақтан қолы босаған сәтте газетті дауыстап оқып береді. Ғасыр жасқа жеткелі отырған сүйікті газетімнің жазары көп болып, оқырмандарының саны да арта берсін.


Байқуаныш СӘРСЕНБИН, еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp