«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАМГЕР ЖОЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздер алапат соғыстың алдында туған балалар едік. Оның зардабын, қиыншылығын көрмеген бірде-бір отбасы болмаған шығар. Әкелеріміз соғысқа аттанды. Елде кемпір-шалдар, балалар қалды. Әйелдер болса майданға кеткен ерлердің орнына жұмыс істеді. Тұрмыс өте ауыр.

Киетін киімге, ішетін тамаққа жарымай өстік. Ұжымшар орталығынан соғысқа кеткен әкелердің балаларына аптасына бір рет 1 литр сорпа береді. Оның ішінде ет жоқ, картоп та шамалы, қайнаған суға ұн қосқан тұзсыз сорпа сияқты болатын. Үйге әкелген соң тұзы бар үйлер сорпаның дәмін келтіріп ішетін. Бұл енді қазіргі жастар үшін ертегі сияқты. Қыста қолдан тіккен етік кисең, жаз бойы жалаңаяқ жүретінбіз. Күздің қара суығына дейін табанымызға шөгір кірмейтін. Табанымыз ұлтан сияқты қалың, жып-жылтыр болатын.
Мұрат Нұрмұқанұлы да осындай қиындықтарды көріп өсті және сол жолда шыңдала түсті. Ол 1939 жылы 23 наурызда қазіргі Есіл ауданындағы Жарғайың ауылында дүниеге келген. Соғыс аяқталған соң оның отбасы Преснов (қазіргі Жамбыл) ауданындағы Баян ауылына қоныс аударады. Анасы Мәрмәр ұлын көзінің қарашығындай қорғап, қиындыққа мойымай өсіргенін білеміз. Алғашқы кезде олар Мықтыбай батыр көшесінде тұрды. Сосын бертін келе Шағырай көшесіне көшті.
Халықтың соғыстан кейін тұрмысы жақсара бастаған кезі еді. Сәуір айының орта тұсы болуы керек. Ауыл диқандары көктемгі егіс жұмыстарына дайындалып жатқан. Ауылда Ленин орденді механизатор Алиакбер Асадуллаевтың құрметіне салтанатты жиын болады деген соң №1 егіс бригадасының басына бардық. Жиында басқарманың орынбасары Сұраған Нұрғожин ағамыз сөз сөйлеп, егіншілерді екпінді жұмыс істеуге шақырды. Одан кейін концерт болды, ас берілді. Күн де нұрын шашып тұрды. Ойнап жүрген біздер, бір топ кісі жиылып, әңгімелесіп отырғанын көрдік. Жақындап келсек, ауылдық кеңестің басқармасы Қали Нұрпейісов ағамыз бен Ортақкөл ауылынан келген адамдар қызу әңгіме үстінде екен. Нұрмұқан ағамыздың жанында баласы Мұрат отыр. Әлгі кісілердің бәрі қолқалап Мұраттан домбыра тартуын сұрады. Сонда ол солақай қолымен шерте отырып, екі-үш ән айтып берді. Мен де домбыраға қызығып қарап тұрғанмын. “Мына Серікбайдың да бірқағары болуы тиіс, домбыраға әуестігі бар еді”, – деді Қали ағамыз. “Елім-ай”, “Балбырауын” күйлерін өзімше тартып бердім. Жұрт аяқ алысымызға риза болып қалды. Осыдан кейін екеуіміз дос болып кеттік. Қали ағамыздың баласы да домбыра тартты. Мұрат екеуі бір сыныпта оқитын. Мұрат үйіне қарсы көшенің арғы бетінде бірге оқитын Ұлболсын Қожахметова, Әмір Қожахметов, қатарында Садақ Сейпілов, Қуандық Мырзабеков тұрды. Осылар бір топ болып жүретін. Мұраттың әкесі сүт қабылдау бөлімшесін басқарды. Ол ауылда балалардың арасында бірінші болып велосипед, мотоцикл мінді. Ауылда екі жыл жұмыс істеген соң Петропавл қаласындағы бухгалтерлік мектепте білім алды. Мұрат жастайынан сәнқой болып өсті. Үстіндегі киімі өзіне құйып қойғандай болатын, шалбарының қыры сынбайтын. Ол сол әдетінен әлі күнге дейін таймай келеді.
Мұрат Нұрмұқанов біздің “Баян” ұжымшары 1961 жылы кең-шарға айналғанша егіс бригадасында есепші болып жұмыс істеді. Ол сол кездердің өзінде ауылдағы өнерпаз жігіттердің бірі еді. Домбырамен ән шырқайтын, газетке мақала жазатын. Алдына мақсат қоя білетін ол әсем Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Алайда, отбасы жағдайына байланысты сырттай бөлімге ауысып, елге оралды. Орта мектепте жақсы білім алған Мұрат өзінің алғырлығының, ізденімпаздығының арқасында жаңа белестерге ұмтылды. Сол жылы ол Баян орта мектебіне мұғалім болып орналасып, еңбек жолын жалғастырды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Тың өлкесі құрылып, облыстық газет бірнеше жыл үзілістен кейін қайта ашылған болатын. Сол жылы Мұрат Алматы қаласындағы жоғары оқу орнын тамадап, журналист мамандығының дипломын алып келді. Ауылда еңбекпен шыңдалған, оның үстіне қаламының қарымы бар жас жігіт бірден облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетіне өнеркәсіп бөлімінің кіші әдеби қызметкері болып жұмысқа қабылданды. Мен Мұратты ауылдасым ретінде жақсы танығандықтан оның редакциядағы жұмысынан ұдайы хабардар болып отырдым, жерлесімнің шығармашылық ізденістеріне қуанатынмын. Ол көп жылдар бойы өнеркәсіп, құрылыс сияқты экономиканың күрделі саласының табыстарын, мәселелерін газет бетінде жақсы көтеріп жүрді. Сол уақытта облыстық газет аптасына бес рет шығады және оқырмандары аз болмайтын. Мен де осы тұста Петропавл қаласына көшіп келіп, өзімнің бала кездегі арманым болған күйшілік өнерге бет бұрған едім. Сондықтан қалада жиі кездесіп тұрдық, әңгімеміз жарасатын.
Газеттің барлық жанрына қалам тербейтін Мұрат көркем әңгіме, түрлі тақырыпта ой салатын көлемді мақалалар, тіпті, өлең де жазатын. Мұрат – қырық жылдан астам өмірін журналистика саласына арнаған қарымды қаламгерлердің бірі. Ол көп жылдар облыстық газетте бөлім меңгерушісі, 2005 жылы Петропавл қаласында тұңғыш рет қазақ тілінде шыққан “Қызылжар нұры” газетінде бас редактордың орынбасары болды. Мұрат редакцияның партия және кәсіподақ ұйымдарын басқарды. Оның адал еңбегі ескерусіз қалған жоқ. “Еңбек ардагері” және “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл”, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл” мерейтойлық медальдарымен, “Қазақстанның құрметті журналисі” төсбелгісімен, Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталған.
Бүгіндері сексеннің сеңгіріне шығып отырған Мұрат зайыбы Төкенай екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Амангелді – Алматының зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын, Қайыргелдісі Қорған қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын тамамдаған, екеуі де мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Қыздары Светлана мен Салтанаттың да арнаулы білімдері бар. Қазір олардың өздері ата-әже болып отыр. Бүгіндері бұл шаңырақ немере-шөберелердің тәтті күлкісіне бөленген.


Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ, еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp