Дарқан даланы қызыл кілемге көмкеріп, көз қуантар әсемдікке бөлейтін қызғалдақтар – табиғаттың адамға сыйлаған тамаша тартуы. Бұл гүл көктем мезгілінің басында бүршік жаратындықтан, өзіміздің төл мерекеміз – әз-Наурыздың символы іспетті. Қазақ халқының түсінігінде қызғалдақ көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің хабаршысы болып табылады. Елімізде иісі жұпар гүлдерді өсіріп, сатумен айналысатындардың бірі – Қызылжар ауданындағы Петерфельд ауылында тұратын Алиевтер отбасы.
Өңіріміздің қытымыр қысына қарамастан, үлбіреген гүлдерді баптап, кәсібін жүргізіп отырған бұл отбасы 1992 жылы еліміздің оңтүстігінен көшіп келген. Гүл өсірудің қыр-сырына бала кезден қанық Аспандияр Алиев осыдан тоғыз жыл бұрын бауырларына өсімдік шаруашылығымен айналысу жөнінде қолқа салады. Петропавл қаласының тұрғыны шаһар нарығын зерттегеннен кейін қызғалдақ өсіруге бел буған. Сөйтіп, ол ауылдағы туыстарымен ақылдасып, жылыжай тұрғызады. Голландиядан әкелінген 20 мың қызғалдақ тұқымы күзде егіліп, желтоқсан айында қылтиып шыға бастапты. Осылайша, жылу мен жарықты ерекше сүйетін гүлдерге күтім жасап, көктемнің алғашқы мерекесінде саудаға шығарған. Гүл бағбандары былтыр 60 мың түп еккен болса, биыл, тіпті, көбейтті.
Ағайынды Алиевтердің қызғалдақ гүлдері 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінде ерекше сұранысқа ие. Бұл үшін күні-түні еңбектенеді. Жылыжайдың ішін жылытып, жасыл желектерді үздіксіз суарып отырады. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, бір адамдай атқарған еңбек ылғи нәтижесін беріп келеді. Гүлдердің жайқалып өсіп келе жатқанын көргенде отбасының да көңілдері қуанып, жандары жадырайды.
– Маңдай тердің өтеуін көру зор қуаныш сыйлайды. “Еңбек етсең, емерсің” дегендей, уақытпен санаспай, жанымызды саламыз. Ер адамдар жылыжай жұмысымен айналысып жатқанда, нәзік жандар да бос отырмайды. Олар үйде гүлдерді арнайы қағазға орап, сатуға дайындайды. Содан соң гүлдерді дүкендерге жеткіземіз. Қызғалдақтар әдемілігін, хош иісін кемінде екі аптаға дейін сақтап тұрады, – дейді Аспандияр Алиев.
Кәсіпкерлер қызыл, сары, қызғылт түсті көз қызығар қызғалдақтарды Бескөл ауылындағы “Рай” гүлдер дүкені мен облыс орталығындағы бірнеше сауда нүктелеріне жеткізеді. Сонымен қатар көршілес облыстарға да жөнелтеді.
Гүл өсіру маусымдық жұмыс болып табылады. Сауда көбіне наурыз айының мерекелерінде қыза түседі. Дегенмен, Алиевтер бұдан кейін де қол қусырып отырмайды. Қызғалдақтар сатылып біткен соң қияр, қызанақ егу жұмысы басталады.
– Түркі халықтарына ортақ мейрам – Ұлыстың ұлы күні де келіп жетті. Біз аталмыш мейрамды отбасымызбен облыс орталығында көпшілікпен бірге тойлаймыз. Ақ шаңқан киіз үйлердің маңы өнерпаздардың ән-жырымен мерекелік көңіл күйге бөлейді. Түрлі ойындарды тамашалап, наурызкөже мен бауырсақтан дәм татамыз, – дейді ол.
“Төртеу түгел болса, төбедегі келеді” демекші, берекелі отбасының маңдай термен өсірген гүлдері осылайша наурыз айында көпшілікке шаттық сыйлауда.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.