«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫҚ МЕРЕКЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің тұңғыш Перезиденті Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласында: “Төл тарихын білетін, бағалайтын жә­не мақтан ететін халықтың болашағы зор бо­лады деп сенемін. Өткенін мақтан тұ­тып, бүгінін нақты бағалай білу және бо­лашаққа оң көзқарас таныту – елі­міз­дің табысты болуының кепілі деге­ні­міз осы”, – деген болатын.

Тағылымды мақалада ұлт тарихының бастаулары, Ұлы дала өркениеті сияқты маңызды тақырыптармен бірге оларды жүзеге асырудың нақты жолдары көрсетілген. Расында да, ұлттық құндылықтарымызды асқақтатудың уақыты келіп жетті. Соның негізінде алдыңғы толқын тарапынан ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу қажеттігі туындады. Кеңестік заманның атқамінерлері бізді ұлт ретінде жойып жіберуге талпынды. Бірақ империялық саясаттың діттегені іске аспай, ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүгінгі күні баянды ғұмыр кешудеміз. Соның бір көрінісі, солақай саясаттың кесірінен жарты ғасырдан астам уақыт бойы тойланбай келген Наурыз мерекесімен еліміз қайта қауышты.
Бағдарламалық мақалада замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңыздылығы атап өтілген. Бұл, әрине, ең әуелі қазақ халқының тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттауға жол ашпақ. Ал Ұлыстың ұлы күні – осы аталған барлық құндылықтарымызды насихаттайтын бірден-бір мереке. Біздің бар күш-жігеріміз осындай мейрамдар арқылы ұлттық сананы қалыптастыруға жұмсалуы тиіс. Наурызды жалпыұлттық мейрам ретінде атап, сол арқылы салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттағанымыз жөн деп санаймын. Кеңестік кезеңде әдет-ғұрпымыз таптық тұрғыдан бағаланып, ескiлiктiң сарқыншағы ретiнде Наурыз мерекесі де аластатылды. Ұлыстың ұлы күні 1988 жылдан бастап ортамызға қайта оралып, содан бері оны барша ел болып тойлап келеміз. Бұл мереке 1991 жылы Президент Жарлығымен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Өзін “тәуелсіз елдің азаматымын, қазақ деген халықтың өкілімін” деген жандар, әсіресе, аға ұрпақ өкілдері халқының рухани құндылықтарын насихаттай жүріп, ізгілікті істерімен үлгі болуы тиіс. Ең алдымен, өзіміз әр кезде кешірімді, төзімді, бауырмал болуға тиіспіз. Бабаларымызға тән даналықпен өзгенің бойындағы олқылықты адамның көңілін жықпай зерделі оймен ұқтыруды үйренуіміз керек. Қазіргі ата-ананың басым бөлігі кешегі тоталитарлық жүйенің негізінде тәрбиеленген ұрпақ қатарынан. Соның салдарынан олар ұлттық дәстүрімізді жаңғыртуға аса ден қоймай, балаларының бойына салт-сана мен әдет-ғұрыпты сіңіруге құлық танытпауы әбден мүмкін. Біз осы олқылықтың орнын толтыруға күш жұмылдыруымыз қажет.
Жақында облыс орталығындағы “Білім-инновация” мамандандырылған лицей-интернатында Наурыз мерекесіне орай іс-шара өтті. Онда мен оқушыларға басты мерекеміз жайында кеңінен айтып, ұлттық құндылықтарымыздың маңызы жайында әңгімеледім. Осындай тағылымы мол шаралардан қалмауға тырысамын.
Наурыз айында қорадағы мал төлдеп, адамдардың аузы аққа тиіп, жер бусанып, молшылық орнайды. Сол себепті Наурыз мерекесі ырыстың басы деп есептелінеді.
“Наурыз елге мол ырыздығын сыйласын, уайым-қайғыдан, пәлежаладан аман болайық” деген ақсақалдардың ақ батасын естіген сайын қазақтардың көрегендігіне таңғаламын. Мерекені Қыдыр атаның батасымен бастау – игі дәстүр. Наурыз мерекесі қазақта осы кейіпкермен астасады. Наурыз – жылдың бірінші күні, жыл басы, көктемнің алғашқы айы. Сол себепті бұл мерекеде Қыдыр ата халыққа ақ батасын беріп, Тәңірден бар жақсылықты тілейді. Бұрын наурыз түнінде Қыдыр бабаға арналып әр үйдiң төрiнде қос шырақ жағылатын болған. Үй иелерi бар ыдысты аққа, суға, “ырыс толсын” деп дәнге, “жауын-шашын көп болсын” деп бұлақ суына толтырған. Жылдың алғашқы күнiнде қар жауса “ақша қар”, жаңбыр жауса “нұр жауды” деп шаттанған. Төс қағыстырусыз қазақта той өткен бе?! Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектерін айтады. Ұлыс – жақсы тiлектер күнi. Араздасқандар төс қағыстырып, татуласады. Сондай-ақ, аталмыш күнді еңбек мерекесі деп те атау – заңдылық. Наурызды қазақта бейбітшілік, мейірімділік күні деп те атайды. Адамдар Ұлыстың ұлы күнінде бұлақтар мен арықтарды күл-қоқыстан тазартып, көше жинап, ағаш отырғызатын болған. Қыс бойы бір-бірімен көріспей, сағынысқан ағайын-туыс қайта қауышып, амандық сұрасады. Ерте заманда үлкен қазанға наурызкөже пісіріп, мерекені ауыл жұрты бір кісідей атап өтетін болған.
Тәуелсіздік алған жылдан бастап Наурыз сияқты ұлттық мерекемізбен қайта қауышып жатқанымызға мың да бір шүкіршілік дейміз. Күн мен Түнді теңеген, іргемізді ізгілікке бөлеген Наурыз бүкіл адамзатқа шаттық сыйлайды. Ұлы өркениетімізден тамыр тартқан Ұлыстың ұлы күні ай мен күндей, әлемге бірдей адамзаттың ортақ қазынасына айналды. 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Наурызды халықаралық мереке ретінде қабылдауы да сондықтан.
Наурыздағы барша тілектеріңіз қабыл болып, әр шаңыраққа бақ дарысын дегім келеді.

 

Ырысжамал ӘЛЕНОВА, “Қызылжар” орталық  мешітінің жанындағы әжелер  мектебінің төрайымы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp