«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМДІ МОЙЫНДАТҚАН БОКСШЫ ҚЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстандық бұрымды кәсіпқой боксшы Фируза Шәріпованың (8-1, 4 КО) есімі елімізге ғана емес, әлем жұртшылығына да жақсы мәлім десек, артық айтқандығымыз емес. Бүгінде оның шаршы алаңдағы өнеріне дүниежүзінің спортсүйер жанкүйерлері оң бағасын беруде.

Кәсіпқой былғары қолғап шебері – Жамбыл облысының тумасы. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тамамдаған ол жергілікті бокс мектебінде білікті жаттықтырушылар – Ерік Алғабек пен Феликс Цойдан тәлім алады. Соңғысының есімі көпшілікке тәжірибелі бапкер ретінде танымал. Ол Фирузаға дейін Болат Жұмаділов, Бақтияр Тілегенов, Рашид Қабиров және Паша Ни секілді талай мықтыны баптаған. Он екі жасынан бастап уақытпен санаспай жаттығып, аянбай тер төккен нәзік жан әлемнің небір “атақтарынан ат үркетін” боксшыларының әдіс-айласын үйренуге тырысады.
Фируза Шәріпова 2013 жылдан бастап “Жамбыл” бокс клубына қабылданып, осы аралықта облыстық және республикалық чемпионаттар мен халықаралық жарыстарда үздіктер қатарынан көріне білді. Атап айтқанда, 2010-2016 жылдар аралығында жасөспірім қыздар арасындағы ел чемпионатының екі дүркін, жастар арасындағы ел біріншілігінің, әйелдер арасындағы ел біріншілігінің жеңімпазы, Монғолияда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Ал 2016 жылы Фируза Шәріпова кәсіпқой боксқа ауысты. Отандасымыздың дебюті Ресейдің Мәскеу қаласындағы 15 мың адам сиятын “Мегаспорт” кешенінде өткені белгілі. Бұл бәсекеде Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, үш дүркін Еуропа, екі дүркін әлем чемпионы ресейлік Софья Очигавадан жеңіліс табады. Дегенмен, кәсіпқой боксқа енді қадам басқан оның бұдан кейін жеңілістерінен жеңістері көбейе түсті. Сөйтіп, әлем рейтингінде үздік 15 боксшы қыздың қатарына енді.
Алға қойған мақсатынан таймаған нәзік жан араға бір жыл салып, әлем чемпионы атанады. Астана қаласындағы “Экспо – 2017″ мамандандырылған көрмесінің Амфитеатр сахнасында өткен бокс кешінде Фируза Шәріпова болгар боксшысы Милена Колчевамен қолғап түйістірді. Бұл кездесуде жеңіл салмақтағы “WIBA” және “WBU” нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынған болатын. Қарсыласын айқын басымдықпен жеңген отандасымыз – кәсіпқой бокста қыздар арасынан әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық.
Алдыңғы жылы Алматыда Фируза белгиялық Джемилла Гонтарюкпен күш сынасты. Екінші жартылай жеңіл салмақта “IBO” және “WBC Silver” чемпиондық белбеулері сарапқа салынған бұл жекпе-жек толықтай қазақстандық боксшының басымдығымен өтті. Шаршы алаңдағы шайқас жоспарланған 10 раундқа созылып, Фируза төрешілердің шешімімен ұпай саны бойынша жеңіске жетті.
Журналистерге берген сұхбатында боксшы қыз: “Мен үш салмақта әлем чемпионы атанып, Қазақстанның абыройын асқақтатқым келеді. Ол үшін барымды салуға уәде беремін. Әлем Геннадий Головкинді қалай таныса, әйелдер арасындағы қазақстандық боксты да шетелге паш етуге бар күшімді саламын. Алға, Қазақстан!” – деген болатын.
Екі салмақ санатында чемпиондық белдіктердің иесі Фируза Шәріпова былтыр “Жыл спортшысы” атанғанын біреу білсе, біреу білмес.
Өткен жылы ресейлік боксшы Юлия Куценковамен өткен жекпе-жек те отандасымыздың жеңісімен аяқталған болатын. Осылайша, Фируза өзінің титулдарын қорғап қана қоймай, жеңіл салмақта “WIBA” чемпионы атағына ие болды. Бокс кеші Санкт-Петербург қаласындағы “А2” аренасында өтті. Жуырда Юлия Куценко отандасымызға қарымта кездесу өткізуді ұсынды. Алдағы айқас сәуір айында өтуі мүмкін.
Қазақ халқының атағын аспандатып жүрген қызға жаһанның көптеген елдері таңдай қағып отырғаны жасырын емес, тіпті, оған ұсыныстар түскені де мәлім. Мәселен, жуырда Фируза Шәріповаға басқа елдің намысын қорғау үшін 1 миллион АҚШ доллары ұсынылды. Ол бұған: “Мен осы қасиетті жерде дүниеге келдім. Менің жалғыз Отаным бар. Ол – Қазақстан. Сондықтан да барлық жеңістерімді еліме арнаймын”, – деген болатын.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp