«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАРШЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Менің ата-анам 1944 жылы Қазақстанға жер аударылған. Балалық шағым Жамбыл облысында өтті. Наурыз мерекесінде ауылымызда арқа-жарқа той болатын. Бауырсақ жеп, көже ішкен бақытты сәт әлі күнге дейін есімде. Әжелеріміздің соңынан ерген қыз-келіншектер қазақтың ұлттық тағамдарымен бірге түріктің сумалягын да әзірлейтін. Оны дайындау барысы бірнеше күнге созыла­ды.

Сумаляк туралы көпте­ген аңыз-әңгімелер бар: ертеде көктем шыға бір ауылдың жұрты ашаршылыққа ұшырайды. Сонда ауылдың ақ жаулықты аналары қолдарындағы бар азықты жинап, қа­занға салып, тамақ әзірлеуге кіріседі. Ең соңында үйелмелі-сүйелмелі тоғыз бала­сымен жесір әйел келеді. Қолында түгі жоқ ол қазанға жеті тас салады. Дәу қазан орта белінен асып тола түседі. Қазандағы тамақты араластырған сайын аналары­мыз Тәңірден тоқшылықты, жылдың берекелі болуын тілеп, жалбары­нумен болады. Аналардың тілегі қабыл болып, ел сол жылы молшылыққа кенеледі. Содан бері “сумаляк” деп аталған осы қасиетті тағамды көктем келгенде бір қазанда дайындау салтқа айналған. Біздің шаңырақта да аталмыш тағам түрі жыл сайын Наурызда дайындалады.
Наурыз мейрамының түрік халқы үшін орны бөлек. Біз де қазақтар сияқты Наурызды береке бастауы және тіршіліктің оянатын кезі деп санаймыз. Түркияда да Наурызға дайындық басқа елдердегідей бірнеше аптаға созылады. Мереке қарсаңында балалар туған-туыстың шаңырағына көктем гүлдерін апарып, үй иесі оларға сыйлық беріп, сый-сияпат жасайды. Балуандар арасында керемет сайыс өтеді. Ауылдың абыз ақсақалдары мол ырзық тілейді. Диқан қауым дақыл егуге дайындыққа кіріседі. Сол себепті, Наурызды еңбек мерекесі деп те атасақ артық емес. Бұл күні облысымызда түтін түтетіп отырған барлық ұлт өкілдері жылы тілектерін айтып, татулықты нығайтуға барынша қолдау білдіреді. Бүгінгі күні біздің өңірде жүзден астам ұлттардың өкілдері тұрады. Мереке күндері орталық алаңда тұтастай бір ауыл бой көтеріп, жұрт мәре-сәре күйге енеді. Әрбір киіз үй әсемдігімен көз тартады. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін ұлттық құндылықтар аз емес. Қалыңдыққа сырға салу, құдалардың төс түйістіруі, арқан тарту сияқты жөн-жоралғылар насихатталады. Қазақтармен бірге өзге ұлт өкілдері де өнерін, дәстүр-жоралғыларын көпшілікке көрсетуге талпынады. Жастар жағы арқан тартысып, гір көтеруден күш сынасса, балалар үй жануарларымен естелік суретке түседі. Киіз үй маңынан орын тепкен алтыбақан да мерекенің сәнін келтіреді.
Наурыз – ұлттар достығы мен жарасымдылығына жол ашатын мереке. Біз де өзгелер сияқты тойшыл қауымға түрлі тағамнан дәм таттыруға асықпыз. Атаулы күні тарихи отанымыздан арнайы қонақ шақырамыз. Ұлттық киім киіп, дауыл мен дарбука аспаптарында ойнап, мерекенің ажарын келтіреміз. Наурыз күні түріктер дүбірлі той жасайды. Олар күн мен түн теңескен уақытта от жағады. Сонымен бірге барлық жамандық кетіп, жаңа өмір басталады деп сенеді. Бұл салт осы күнге дейін сақталған. Биыл да Наурыз мейрамында орталық алаңға шығып, мерекені бар ынта-ықыласымызбен тойлайтын боламыз.


Шахмандор ИСКАНДАРОВ, жеке кәсіпкер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp