«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАН ТАТУЛЫҚТЫҢ МЕКЕНІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күн мен түн теңеліп, табиғат өзгеше қалыпқа еніп, тіршіліктің қайта түлер кезімен тұспа-тұс келетін Наурыз мерекесі бүгінде жалпыхалықтық сипатқа ие болып отыр деуге толық негіз бар. Ұлыстың ұлы күнін Қазақстандағы этностардың барлығы өздерінің төл мерекесіндей тойлайды. Жыл сайын қала орталығына жиналып, ұлтына, тіліне, дініне қарамай, бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай тұтастықпен мерекені атап өтеміз.

Қазақ халқы айтатын “жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілер” көктемде тойланатын мерекеге қазақстандықтардың құрметі мен қуанышы ерекше екенін айтқым келеді. Наурыз – береке мен бірліктің мерекесі. Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстан бірліктің, татулықтың, толеранттылықтың жұмақ мекеніне айналып отыр. Кеңбайтақ елімізді мекендеген барлық этнос өкілдерінің арасында зор түсіністік қалыптасқан. Олар Қазақстанды өзінің туған Отаны санайды. Сондықтан мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, тұрақтылықтың сақталуына барынша мүдделі жəне сол жолда аянбай еңбек етіп келеді.
Мен көп жылдар бойы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде экономика пәнінен студенттерге дәріс оқығандықтан, еліміздің Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген қомақты табыстары жайында жақсы хабардармын деп айтуыма толық негіз бар. Ардагерлер арасында гір спортынан халықаралық жарыстарда жеңістің биік тұғырынан көрініп, бірнеше дүркін әлем чемпионы атанып, Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, еліміздің Әнұраны шырқалғанда кеудемді мақтаныш сезімі кернейтінін қалай ұмытармын.
Біздің елде ешбір этностың құқы шектелмейді, салт-дəстүрі, тілі мен дінінің сақталып, дамуына оңтайлы жағдай жасалған. Бұл – бірліктің арқасы. Ал бірлік бар жерге берекенің келері анық. Қазақстанның əлемдік қоғамдастық алдында зор беделге ие болып, жыл өткен сайын экономикасы дамып, əлеуметтік жағдайы артып, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып жатқаны берекелі өміріміздің нақты көрсеткіші. Көреген Елбасымыз бар. Біртұтас халқымыз бар. Сондықтан Қазақстанның болашағы баянды боларына нық сенемін. Елімізді мекендейтін этностардың ортақ қуанышына айналған Наурыз – Қазақстан халқын біріктіретін басты мереке.


Виктор САЙКО, Қазақстан орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp