Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен республикалық маңыздағы үш қала мен облыс әкімдері қатысқан кеңес өтті. Отырыста Премьер-Министрдің орынбасарлары мен екі әкімнің есебі тыңдалды.
Кеңесте еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты екені және мемлекеттік бағдарламалардың дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. «Басты мақсат – азаматтарымыздың әл-ауқатын және болашаққа деген сенімін арттыру», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы экономиканың өсімін, инвестиция тарту ісін қамтамасыз етуге, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, өңірлердегі инфрақұрылымдық және экологиялық өткір проблемаларды шешуге, су тасқынының алдын алуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және оны өткізуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.