Жұбайым екеуіміз жарасымды өмір сүрдік. Замандастарымыздан қалыспай, ел қатарлы жұмыс істедік. Он бала тәрбиелеп, өсірдік. Алланың жазғаны сол, жұбайым 47 жасында өмірден озды. Асыл жарым соңғы сапарға аттанғанда, кенжеміз он жаста ғана болатын. Ұл-қыздарымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіруге талпындым. Құдайға шүкір, бүгінде бейнетімнің зейнетін көріп отырмын.
Біздің заманымызда махаббатқа, сезімге адал болдық. Ғұмырыңды тағдыр қосқан адаммен байланыстырған екенсің, оның алдындағы жауапкершілікті, шаңырақтағы тыныштық пен берекені барынша сақтауға міндеттісің. Отбасында ерлі-зайыптылар бірінің айтқанына бірі құлақ асса, арада сыйластық орнайтыны белгілі ғой. Бізді анамыз еразамат түздің адамы, тапқанын ұқсатып, барға да, жоққа да шыдай білу керек деп тәрбиеледі. Марқұм шешемнің үй іші, бала-шаға, туған-туыс, ел жұртқа қадірлі болған әйелдің басына құт қонады деген сөзін бүгінгі күнге дейін ұмытқан емеспін. Отбасы бақыты шаңырағының берекесін ойлаған әйелге байланысты. Мен мұның бәрін бекер айтып отырғаным жоқ. Соңғы кезде жас келіншектер арасынан барға қанағат етпейтіндерді, көпбалалы болуды машақат санайтындарды жиі кездестіріп жүрмін. Халқымыз қашан да баланы байлыққа санады емес пе? Сондықтан қандай жағдай болмасын, жас отбасылар артында көп ұрпақ қалдыруды бірінші кезекке қоюы тиіс. Көпбалалы үйдің өрендері бауырмал, кішіпейіл болады. Әрі қамқор болатын аға-інің, апа-қарындасың болса, соның өзі бір ғанибет емес пе?! Өз басым, он баламнан тараған 19 немерем мен 15 шөберемнің ортасында бақыттымын.
Әйелдің отбасы, қоғам алдындағы міндеттерін саусақпен санауға болмас. Дүниеге сәби әкеліп, оларды қанаттандыру оңай емес. Өзім бала тәрбиесімен қатар ауыл шаруашылығы саласында тапжылмай 25 жылға жуық уақыт бойы еңбек еттім. Қазіргі кей жастардай бала тууды материалдық жағдаймен байланыстыру мүлде жоқ еді. Әр сәбидің өз несібесі бар деп, балалы болғанымызға қатты қуанушы едік. Менің ойымша, халық санын көбейту үшін әр отбасында кемінде үш баладан болуы тиіс. Өйткені, екі бала ата-ананың орнын басса, үшіншісі халықтың санын көбейтеді. Экономикасы дамып жатқан елімізде тұрғындар санын ұлғайту міндеті тұр. Осы тұрыдан алып қарағанда, бала туумен бірге жұмыс істеп, қоғамға да пайдасын тигізетін әйелдерге мемлекет тарапынан қолдау аясы кеңейе түсті. Көпбалалы отбасынан шыққан балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасалған, мектептерде оқушылар тегін тамақпен қамтамасыз етілген, колледждерде білім алатын өрендерге де әлеуметтік көмек берілуде.
Биылғы жылдан бастап аз қамтылған отбасылардың кәмелетке толмаған балаларының әрқайсысына қаржылай көмек көрсету көзделіп отыр. Атаулы әлеуметтік көмек алатын әр балаға 20789 теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. “Алтын алқа” және “Күміс алқамен” марапатталған көпбалалы сонымен қатар перзентінің мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алатын аналардың жағдайы да біршама жақсармақ. Осындай жетістіктер мен жеңілдіктер ұсынған мемлекетте тұратын әр отбасы көпбалалы болуға талпынуы тиіс. Болашаққа бағыт алған шаңырақ үшін баладан асқан бақыт жоқ қой, сірә!
Күлән ӘБІЛОВА, көпбалалы ана.
Петропавл қаласы.