«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТЫН СҮЙГЕН ҚАЛАМГЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Ербол Шаймерденовтің туғанына 65 жыл толуына орай “Талантына тағзым” атты еске алу кеші өтті. Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері, қаламгердің туыстары мен ауылдастары айтулы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы, елімізге сіңірген еңбегі туралы әңгімеледі.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ербол Шаймерденұлының әріптесі, ақын Зейнолла Әкімжанов қаламгердің адамгершілік қасиеттеріне тоқталды. Ардагер журналист жерлесіміздің ішкі жан дүниесі нәзік, таза да адал азамат болғандығын тілге тиек етті. “Ербол Шәймерденов қаламгерлік қырымен қатар белгілі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде елге танылды. Ол зиялы қауым ортасында айрықша құрметке ие еді. Тәуелсіздік алған бастапқы жылдарда елтану мәселесін асқан ыждаһаттылықпен зерттеп, мемлекеттік рәміздерді бекітуде көп еңбектенді”, – деді Зейнолла Рамазанұлы. Кешке орыс тілді оқырмандардың қатысуына орай ақын Ербол Шәймерденов жайлы лебізін осы тілде айтып берді.
Ербол Шаймерденұлының ұстазы Күлзи Бисары шәкіртінің зерек, ұқыпты, кішіпейіл болғанын, осы қасиеттерінің арқасында Жамбыл ауданындағы Озерный орта мектебін Алтын медальға бітіргенін сөз етті. Талапты жас мемлекеттік емтиханды тапсырғанда, шығарманы өлеңмен жазып, ұстаздарының ілтипатына бөленген екен. Қаламгер мектепте оқып жүрген кезінде-ақ ақындық қырынан танылып, өлеңдері республикалық «Пионер», облыстық «Ленин туы» газеттерінде басылып шыққан. “Ербол ініміз мемлекеттік қызметтерді атқарып жүрген кезінде қайраткерлік қырынан танылды. Қазақ тілінің мәртебесін асқақтатуда ұшан-теңіз жұмыстар атқарып, рәмізтану саласын зерттеді”, – деді ардагер ұстаз Күлзи Бисары.
Ербол Шаймерденұлының туысқандары Әлия Байқуанышқызы мен Ысқақ Сұлтанұлы ақынның туыс-жекжатқа мейірімі мол, көпке қамқор, бауырмал азамат болғандығын, екі тілге де бірдей қайраткердің әлемнің ақыл-ой алыптарының афоризмдерін қазақ тілінде сөйлетіп, оларды жеке жинақ етіп шығарғанын мақтанышпен ауызға алды. Тау тұлғадай болған Ербол ағаларының Әбіш Кекілбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Кәкімбек Салықов сынды алыптармен жақсы қарым-қатынаста болғанын да еске алды. Сондай-ақ олар Ербол Шаймерденовтің есімі Петропавл қаласының бір көшесіне және мектепке берілсе екен деген тілектерін жеткізді.
Кеш барысында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Айбол Нұрлыбек Ербол Шаймерденұлының «Сағыныш», «Намыс», ҚР Ұлттық ұланы Әскери институтының курсанты Ержан Жолшы «Дүние» атты өлеңін және өзінің ақынға арнаған туындысын оқып берді. Шара барысында Ербол Шаймерденұлы туралы «Жарқын бейне» атты деректі фильм көрсетілді. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының шығармашылық тобы бұл еңбекті Ербол Шаймерденұлының 60 жылдығы қарсаңында әзірлеп шығарған. Алматылық тележурналистер фильмнің кейбір кадрларын Петропавл қаласында, Ерболдың туған жері Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылында түсірген. 
Шара соңында кеш қонақтары «Ұлтын сүйген ұлы жүрек» атты кітап көрмесін тамашалады.

Майра ӘШІМОВА, 
С.Мұқанов атындағы облыстық 
ғылыми-әмбебап кітапхананың бөлім басшысы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp