Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “BookDating” – кітаппен кездесу” атты шара өтті. Шараның мақсаты –жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту үшін өңіріміздегі ақын, жазушылармен кездесу ұйымдастырып, тағылымды әңгіме өрбіту.
Бос уақытымызды кітап оқуға емес, пайдасыз дүниелерге жұмсайтынымыз белгілі. Осындайда кітап оқуға деген құштарлығын сақтап қалған замандастарымыз көпке үлгі боларлықтай. Кездесуге арнайы шақырылған журналист, ақын, жазушы Михаил Гвоздев пен поэзия мен прозаға енді қадам басқан жас дарын иесі Иван Рэмович осы жайында өз ойларымен бөлісті.
Журналистика шапшаңдықты, алғырлықты, сараптамалық ойды қажет ететін мамандық екенін тілге тиек еткен Михаил Гвоздев Гарри Гаррисонның қиял-ғажайып жанрында жазылған “Стальная крыса” романын бас алмай оқығанын айтты. Ал Иван Рэмович америкалық жазушы Чак Паланиктің “Бойцовский клуб” романын оқығанда керемет әсерге бөленгенін мойындады. Шығарманың негізгі ойы – мақсатыңа жету үшін аяғыңа тұсау болар қажет емес дүниенің барлығынан бас тарта білу. 1996 жылы жарық көрген роман желісі бойынша кейін фильм де түсіріліпті. Алайда, жастардың дені өздері қызыға көрген фильмге арқау болған шығарманың атауын да, авторын да білмейді екен.
Кездесудің тартымды өткені соншалық, жастар қонақтардан шығармашылықтары туралы айтып, өлең оқып берулерін өтінді.