Облыстың тәртіп сақшылары өткізген “Мал ұрлығы” республикалық жедел-алдын алу шарасы барысында ертеректе орын алған 15 фактінің беті ашылып, өзгенің түлігіне көз тіккен қылмыстық топтың жолы кесілді.
Қызылжар ауданының еш жерде жұмыс істемейтін 1986 және 1996 жылдары туған екі тұрғыны жүйелі түрде мал ұрлаумен айналысты деген күдікпен қамауға алынды. Олардың Қызылжар және Мамлют ауданында болған үш мал ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Жайылымда жүрген жылқыларды ұрлаған олар малды өзге өңірлерге апарып сатып отырған. Қазіргі таңда олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климовтың айтуынша, үш күннің ішінде мал тасымалдаған 136 көлік, ет өнімдерін өткізетін және сататын 141 орын, 236 шаруа қожалығы тексерілген. 34 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Осы шаралардың барлығы бұрын жасалған қылмыстың ашылуына септігін тигізген. Тіпті, жедел-алдын алу шарасы кезінде тіркелген мал ұрлығы біртәулік ішінде ашылыпты.
Дегенмен де, тәртіп сақшылары тұрғындарға малдың сақтығына баса назар аудару керектігін айтады. Себебі, малнегізіненжайылымда ұрланадыекен. Ірі шаруа қожалықтары GPS-навигатор технологиясын пайдаланып, жоғалған малын жер серігі арқылы іздеп, табады. Ал шағын фермерлерге келісім негізінде жылқыны табынымен бағу қолайлы. Егер табынмен жоғалса, оны іздеп табу оңайға түседі.
Жалпы,операция барысында тәртіп сақшылары жоғалған малды иелеріне қайтарды, ал кейбіріне 4 млн.теңгеден астам шығынның өтелуіне көмектесті.
(Сурет yandex.kz сайтынан алынды).