«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ ОРДАСЫНДАҒЫ ҚУАНЫШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақжар ауданындағы Ленинград №1 орта мектебі 55 жылдығын атап өтті. Шараға аудан әкімі Ербатыр Мадияров, “Назарбаев зияткерлік мектептері” қоғамдық бірлестігі педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары Шолпан Каринова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Хасенова, әр жылдары оны мектепті тамамдаған түлектер қатысып, ізгі тілектерін білдірді.

Ауылдағы мектептен түлеп ұшқан азаматтардың алды бүгінде ел ағасына айналып, тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы жолында еңбек етіп келеді. Олардың қатарында Қазақ технология және бизнес университетінің профессоры, атқарушы органдардың басшылары, жастар ұйымдарының белсенділері, кәсіпорындардың, білім мекемелерінің директорлары, дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, өңіріміздің, еліміздің намысын әлемдік деңгейде абыроймен қорғап жүрген спортшылар бар.
Соңғы он жылда бес оқушымыз “Алтын белгі” иегері атанса, соншасы Ұлттық бірыңғай тестілеуді үздік тапсырып, ерекше үлгідегі аттестат алды. Түлектеріміздің спорт саласындағы жетістіктері де аз емес. Жеңіл атлетикадан спорт шебері, жастар арасында Азия ойындарының чемпионы Татьяна Юрченко, ауыр атлетикадан Азия ойындарының қола жүлдегері Жаслан Қалиев, жеңіл және ауыр атлетикадан спорт шеберлері Регина Кондрат пен Индира Нагишкен – біздің мақтаныштарымыз.
Мектепте бүгінде өз ісіне адал, мамандығын сүйетін отыз педагог шәкірт тәрбиесімен айналысуда. Ұзақ жыл адал еңбек етіп, білім беру саласына қосқан үлесі үшін бірнеше ұстаз “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісінің иегері атанса, Білім және ғылым министрлігінің грамоталарымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталғандары да бар.
Мерейтойға арнап мектеп оқушылары қолөнер бұйымдарының көрмесін әзірледі. Сондай-ақ, жиналғандардың назарына білім ордасының тарихынан сыр шертетін деректер ұсынылды. Ербатыр Мадияров білім ордасының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардагер-ұстаздарға, 2000-2003 жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Шолпан Кариноваға “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісін табыстады.
Білім мен тәрбиенің негізі, өнер мен мәдениеттің шаңырағына айналған мектептің мерейтойы мерекелік концертпен түйінделді.

Алпысбай МАЛТАЗИН, Ленинград №1 орта мектебінің мұғалімі.
Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp