Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық Мәдениет үйінде жергілікті жастарды нашақорлықтың алдын алуға бағытталған ведомствоаралық бағдарламамен таныстырды.
Барлық 18 ауылдық округ пен аудан орталығының оқушылары алдын ала қолдан өз бұйымдарын жасап, суреттер салып, электронды тұсаукесерлер дайындап, шығарма жазды. Мәдениет үйінің фойесінде оқушылардың ұсынған еңбектерімен аудан әкімі Ағзам Тастеміров облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев танысты.
Жиналғандардың назарына “Тұздар мен спайстар. Құрдымға апарар жол…” бейнефильмі ұсынылды. Оқушылар бейнефильмнен ерекше әсер алды.
Марат Төлебаев балалар мен мұғалімдерге бағдарламаны іске асыруға белсенді қатысқандары үшін алғысын білдіріп, қауіпті кеселмен бірлесе күресу керектігін айтты. Аудан әкімі Ағзам Тастеміров синтетикалық есірткінің таралуына қарсы күресте полиция қызметкерлерінің мүдделі органдарымен бірлескен жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді.
Тәртіп сақшылары осындай іс-шараларды Жамбыл, Аққайың, Ақжар және Уәлиханов аудандарында өткізуді жоспарлап отыр.
Нұрбек БАЕКИН, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.