Облыстық полиция департаменті әйелдерді қолдау орталықтарының өкілдерімен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы аясында жиын өткізді.
Тәртіп сақшылары атап өткендей, жыл басынан бері күш көрсету салдарынан жәбір көрген 12 адамға құқықтық көмек көрсетілген. Соның жетеуі – кәмелетке толмаған жеткіншек. Полицейлерді соңғы екі жыл ішінде әлімжеттік көрсету фактілерінің жиілей түскені алаңдатып отыр.
Әйелдерді қолдау орталығының қызметкері Татьяна Усманова жәбір көрген жандар құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгінуі тиіс, дейді. “Әйелдер көп жағдайда шаңырағында болып жатқан жағдай туралы тіс жармайды. Соның кесірінен өзі де, балалары да зардап шегеді. Бұл іспен айналысатын учаскелік полицейлер жәбірленушілердің өз атынан шағым түспесе, жабық есік артындағы жағдайға араласа алмайды”, – дейді ол.
Әділет ТӨЛЕГЕН.