«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢАЛЫҚТАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ЕЛ ҚҰРАМАСЫ КӨШ БАСЫНДА

Тайландта аралас жекпе-жектен өткен Азия чемпионатында жалпыкомандалық бірінші орынға ие болған Қазақстан құрамасы халықаралық “ММА” әуесқойлары тізімінде көш бастады.
“ТОП-10” рейтингісінде 58 спортшының нәтижесі ескерілген. Екінші орында – Бахрейн спортшылары, Швеция құрамасы үшінші орында. Одан кейін Жаңа Зеландия, Ресей, Австралия, Англия, Оңтүстік Африка, АҚШ және Мексика құрамалары жайғасқан.
Аралас жекпе-жектен әуесқойлар арасындағы тұңғыш рейтингте ұлттық құрамалармен қатар, жеке салмақ санатындағы әр спортшының “IMMAF” ұйымының қолдауымен өткен континентальды және әлемдік додаларда алған ұпайлары есепке алынады.

ӘЛЕМДІК ДОДА ҮЗДІКТЕРІ

Биылғы жылдың алғашқы бес айында жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген спорттың үш түрі бойынша әлем чемпионаты аяқталды. Бұл бәсекелер таэквондо, велотрек және үстел теннисінен өтті.
Осы үш жарыстың қорытындысы бойынша Голландия құрамасы ең жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Қызғалдақтар елінің өкілдері 5 алтын және 1 күміс медальді олжалады. Екінші орында – Қытай. Аспан асты елінің өрендері 3 алтын, 3 күміс және 4 қоланы қоржынға салды. Үшінші сатыға Австралия табан тіреді. Жасыл құрлық спортшыларының еншісінде 3 алтын және осынша күміс медаль бар. Жоғарыда аталған спорт түрлері арасынан Қазақстан таэквондодан бір қола медальға қол жеткізді. Оның иегері – 74 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Қайрат Сарымсақов.
Ал алдағы екі айда тағы төрт спорт түрінен әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Олар – жағажай волейболынан (28 маусым – 7 шілде, Гамбург), стенд атудан (30 маусым – 11 шілде, Лонато), желкенді спорттан (1-9 шілде, Сакаиминато) және су спорт түрлерінен (12-28 шілде, Гванджу).

“ХАЛЫҚ БАРЫСЫ”

Алматыдағы “Сұңқар” халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде белдесуден ІІ “Халық Барысы” республикалық турнирі басталды. Қазақстанның барлық өңірінен бір мыңға жуық балуан қатысуда.
Халық арасынан шыққан қарапайым қатысушылар 20 млн. теңге жүлде қорының иегерлері атанады. Аталмыш турнир Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ күресі федерациясы және “Қазақстан Барысы” қазақ күресін дамыту қоры, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылуда.

КӘСІПҚОЙ БОКС КЕШІ

Нұр-Сұлтан қаласында елорда күніне орай үлкен кәсіпқой бокс кеші өтпек. Америкалық “Top Rank” және британиялық “MTK Global” промоутерлік компаниялары ұйымдастыратын шара 12 мың адамға арналған “Барыс-Арена” мұз айдынында жоспарланған.
Қазақстандық және шетелдік боксшылардың қатысуымен өтетін бокс кешінде жерлесіміз Жанқош Тұраров бір жарым жылдық үзілістен кейін рингке қайта шығатын болады. Сондай-ақ, жеңіл салмақта “WBC” бойынша әлем чемпионы және ор­та салмақтағы “WBO” бойын­ша Еуропа чемпионы титулдарын қор­ғайтын Нордин Оубаали және Дэ­вид Оливер Джойс сияқты ха­лықаралық жұлдыздар да өз жек­пе-жектерін өткізеді. Бұған қоса аталмыш кеште қазақ­стандық боксшылардан Сұлтан Зауырбек, Виктор Коточигов, Али Балоев, Әбілқайыр Ше­галиев, Нұртас Әж­бенов және Абай Төлеш сияқты былғары қолғап шеберлері жанкүйерлер алдында өнер­ көрсетеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp