Қазіргі қоғамда алкогольді ішімдікке тәуелділік мәселесі өзекті болып отыр. Өңірімізде “ащы суға” құмартқан алты мыңға жуық тұрғын есепке алынған. Психикалық денсаулық орталығының бөлім басшысы, психиатр-нарколог Елена Примаковамен маскүнемдіктің зардабы жайында әңгімелескен едік.
– Елена Антоновна, қоғам арасында маскүнемдік әлеуметтік мәселе деген түсінік қалыптасқан. Сіз мұндай оймен келісесіз бе?
– Облысымызда “ащы судың” зардабынан шаңырағы шайқалған отбасылар аз емес. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын есепке алынғандар қатары көбейіп барады. Отбасы, бала-шағаларынан безіп, көше қаңғып кеткен азаматтар қаншама?! Оларға қанша көмек көрсеткенімізбен, нәтиже шығару оңайға соқпай отыр. Соңғы кезде араққа сылқия тойған ата-аналардың балаларға немқұрайды қарауы, сәбилерін ұрып-соғуы жиілеп кетті. Алкоголь адам ағзасын улап, зат алмасуын бұзады, ағзаның инфекцияларға қарсы тұруын төмендетеді, бауыр, ми, жүрек, бүйрек, ішкі секреция бездерін зақымдайды. Адамның уақытынан бұрын қартаюына да бірден-бір себеп. Облыстық наркологиялық диспансерде есепте тұрған жандардың 47-сі кәмелетке толмаған бала. Осыдан бес жыл бұрын есепке алынғандардың қатары тек бір мыңның маңайында болатын. Қазіргі ер-азаматтардың көбі өмірінде болып жатқан сәтсіздіктерді, күйзелісті “ащы судың” көмегімен жеңгісі келеді. Сөйте жүріп, ішімдікке тәуелді болғанын білмей қалады. Бұл кеселдің көбіне аз қамтылған отбасыларға тән екенін білеміз. Алайда, соңғы уақытта тұрмысы жақсы шаңырақтарда да аталмыш сырқатқа тап болғандардың бар екенін жоққа шығармаймыз. Ал маскүнемдікке салынған жұбайларының әлімжеттігіне шыдап, күн кешіп жатқан әйелдер қаншама?
– Кәмелетке толмағандардың “ащы суға” әуес болуына не себеп?
– Жастардың ішімдікке құмартуының себебін олардың отбасылық жағдайларымен байланыстырған жөн болар. Бүгінгі сәбилердің көбі ата-ана махаббатына, мейіріміне зәру. Сол себепті қоғамдық өмірге дербес түрде бейімделуге мәжбүр. Жасөспірімдер нәресте кезінен күйзеліске шалдығып, осының әсерінен жаман қылықтарға бой алдырады. Мәселен, ересектердің күнделікті жұмыс уақыты сегіз сағатқа шақталса, мектеп оқушыларының сабағы мен үйдегі дайындығы бұдан да көп уақытқа созылады. Жұмысбасты ата-анасының назарынан тыс қалуы да бала психикасы мен тәрбиесіне қатты әсер етеді. Осындай жағдайдың кесірінен жастар проблемасын өз беттерімен шешуге талпынады. Міне, осының бәрі жасөспірімдердің жаман қылықтарға әуес болуына әкеліп соқтырады. Қиындыққа душар болған жасөспірімдер бір сәтке барлық мәселесін ұмытып, миының демалғанын қалайды, осындай кезде олар жан ләззатын алудың амалдарын іздей бастайды. Жастайынан темекі шегу, алкогольдік ішімдікке, есірткіге әуестену – мұның барлығы осындай әдеттен туындаса керек.
– Қоғамдық жерлерде ішімдікке сылқия тойып алған әйелдерді кездестіріп қаламыз. Нәзік жандардың да маскүнемдікке бой алдыруының салдары аз емес қой.
– Әйелдерде алкогольге тәуелділік ерлерге қарағанда, жылдам пайда болады. Себебі, әйел ағзасы спиртті сусындарға сезімтал болғандықтан, онда алкогольдің ыдырауына ықпал ететін ферменттер аз. Мас болу үшін әйелге көп ішудің де қажеті жоқ. Ерлер орташа есеппен 7-10 жыл жүйелі түрде ішімдік ішсе, олардың бойында “тұрақты тәуелділік” қалыптасады. Ал әйелдердің “тура жолдан таюы” үшін 3-5 жыл жеткілікті. Әйелдер көп жағдайда жан күйзелісіне ұшырағандықтан, өмірдегі сәтсіздіктерін бір сәтке ұмыту үшін алкогольге бой алдырады. Осы себепті әйелдер маскүнемдігін зерттеу соңғы жылдары маңызды болып отыр. Бұған қоса, әйелдердің репродуктивті қызметін ескерсек, оның салдары болашақ ұрпаққа қауіп төндіруде.
– Қазір ғаламторда “маскүнемдіктен айығуға көмектесемін” деген тақырыптағы жарнамалар тұнып тұр. Бірақ көп жағдайда мұндай жолмен ем қабылдағандар ішімдікке қайта бой алдырып жатады. Жалпы, гипноз, санаға әсер ету арқылы емдеу қаншалықты дұрыс?
– Мұндай көмек түрі жасырын түрде жүргізілетіндіктен, жұртшылық арасында үлкен сұранысқа ие. Анонимді қабылдау біздің мекемеде де жүзеге асырылады. Сырқат адамдар кез келген уақытта бізге келіп, өздері жайлы ешқандай ақпарат қалдырмастан, дәрігерлердің ақыл-кеңесін, ем-домын алу мүмкіндігіне ие. Ал интернет арқылы көмек іздеген жандар аурудан толық айыға алмауы мүмкін. Өйткені, санаға әсер ету арқылы ішімдік ішуден арылу үшін адамның ерік-жігері мықты болу керек. Ал “ащы суға” тәуелді болған жандардың бұл қабілеті әлсіз болып келеді. Маскүнемдікті жоспарлы түрде емдеген абзал. Әрі бұл кеселден толық айығу үшін көп уақыт қажет. Ең бастысы, аурудан айығуға бел буған және оған саналы түрде барған жандардың отбасылары, туған-туысқандары, достары да жауапкершілікті сезінуі тиіс. Олар да “ащы судан” тыйылып, сырқаттың толық емделіп кетуіне жағдай жасағаны жөн.
– Қазір мемлекет тарапынан алкоголь өнімдерін сатуға, жарнамалауға тыйым салу мақсатында түрлі шаралар қолданылуда. Олар қаншалықты тиімді?
– Иә, айтарлықтай нәтиже бар. Бірақ кеселмен күресу жолдарын, мәселен, саламатты өмір салтын насихаттау шараларын күшейту қажет. Облыс орталығында спорт алаңдары мен ғимараттары ашылуда. Қазір спортпен шұғылданатын жастар аз емес. Алдымен, бос уақытты тиімді өткізу мәселесіне көңіл бөлген дұрыс деп ойлаймын.
“Ащы судың” бағасын қымбаттату салдарынан оларды жасырын түрде сату фактілері көбейеді. Түрмеге түсетіндердің 80 пайызынан астамы мастықпен қылмыс жасайды екен. Бір адам маскүнемдіктің салдарынан кісі өлтірген болса, біз қылмыскер деп ол адамды түрмеге жабамыз. Ал шын мәнінде, ол қылмысты жасаған жалғыз өзі ме? Ол арақты сатқан саудагер, өндірген кәсіпорын, “ащы судың” тұтынушыға жетуіне дейін пайда табушылардың да қылмысқа қатысы бар деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.