Футболдан бірінші лига ойындары үстіміздегі жылдың сәуір айында басталған болатын. Бүгінгі күнге дейін сегіз кездесу өткізген жергілікті аяқдоп шеберлері турнир кестесінде алтыншы орында келеді. Назарларыңызға “Қызылжар” футбол клубының жаңа бас бапкері Али Алиевпен сұхбатты ұсынып отырмыз.
– Али Ханалиевич, футболсүйер қауым сізді әр жылдары “Қайрат”, “Ертіс”, “Тобыл”, “Ордабасы” сияқты бірқатар клубтардың құрамында ойнаған тәжірибелі футболшы ретінде таниды. Кейін бапкерлікке ауыстыңыз, қызметіңізге сәттілік тілейміз.
– Мен Қазақстанның жоғары лигасындағы дебюттық кездесуімді 1998 жылы өткізген болатынмын. Маған Қазақстан футболының көшбасшысы – Алматы қаласындағы “Қайрат” клубының құрамында ойнау бақыты бұйырды. Үздік клубтың жейдесін киіп, команда капитаны болдым. Кейін Түркияның “Акчаабат Себатспор”, “Кайсери Эрджиесспор”, “Карталспор” және “Диярбакырспор” клубтарында өнер көрсеттім, мұнда елде жинаған бай тәжірибемнің көп көмегі тиді.
Елге оралған соң Премьер-лиганың 223 кездесуіне қатысып, Қазақстан құрамасы аясында екі рет ойнадым. Футболшы ретінде қалыптаса білдім деп ойлаймын. Өзімді бапкерлікте байқап көргім келді. Себебі, мен бұған дейін Александр Фомичевтың қарамағында жаттыққан уақытта команда капитаны әрі жаттықтырушы қызметін қатар алып жүрдім. Яғни, соңғы 3-4 жылдан бері жасыл алаңда жаттықтырушылардың тактикалық идеяларын жүзеге асырушылардың бірі болғанымды атап айтқым келеді. Сондықтан облыс басшылығы және “Қызылжар” клубының директоры Григорий Лория тарапынан ұсыныс түскен кезде көп ойланған жоқпын.
– Үстіміздегі жылғы маусым және клуб ойыншылары туралы не айтасыз?
– Біз биылғы маусым қарсаңында қажетті оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Барлық жолдастық кездесулерде тек бір ойында жеңіліс таптық. Бұл жиындардан негізгі құраммен бірге алып барған 11 жас футболшы да ерекше әсер алып, тәжірибе жинақтады. Биылғы маусымды біршама сәтті бастаған болатынбыз. Сегіз ойынның үшеуінде жеңіске жеттік. Тек “Ақжайыққа” есе жібердік. Бұдан кейін біз сырт алаңда өткен бірде-бір ойында жеңілген жоқпыз. Барлығында да тең түстік. Өкінішке қарай, қосымша уақытта екі айып добын сәтсіз орындап, қол созым жердегі жеңістен айырылып қалдық. Егер “Жетісу” клубымен тең түссек, “Қыраннан” 2:1 есебімен басым түстік.
Бірінші лига ойындары аясындағы кездесулердің оңай болмайтыны белгілі. Себебі, бұған дейін бізді мықты қарсылас ретінде мойындайтындар аз болған еді. Дегенмен, бірінші лигада көптеген командаларды қапы қалдырып, Премьер-лигаға жолдама алуымыз қазақстандық футбол тарихындағы елеулі оқиға деп айтуға болады. Тоғызжылдық үзілістен кейін жоғары лигаға қайта оралып, “Астана” мен “Қайрат” сияқты еліміздің үздік клубтарына қарсылас бола білдік. Өкінішке қарай, Премьер-лигада тұрақтай алмадық. Ең басты мәселе – қаржылардыруға келіп тірелді.
– Бірінші лигада қандай клубтарды басты қарсылас деп санайсыз?
– Көп командалар қатары легионерлермен толыққанын байқап отырмыз. Қазір көш басында келе жатқан “Алтай”, “Каспий” және “Ақжайық” осал қарсылас емес. Бұл жолы ерекше дайындықпен келгендері көрініп тұр.
Біздің ойыншылар осы уақытқа дейін басқа тәлімгермен ұзақ уақыт бойы жұмыс істегендіктен, мен оларға барынша түсіністікпен қараймын. Ең бастысы – қазір ұжымның көңіл күйі көтеріңкі. Дегенмен, спорттың аты – спорт. Ұжым турнир кестесінде бесінші орында келе жатқанымен, әлі жанкүйерлерін талай рет таңғалдырады деп ойлаймын.
– Биылғы жылы клуб құрамы жаңарғанын көріп отырмыз. Жаңа футболшылар туралы айтып өтсеңіз.
– Премьер-лига қарсаңында ұжым жартылай жаңарды. Биылғы маусымда құрама көп өзгере қойған жоқ. Бапкерлермен ақылдаса отырып, алаңға шығар жігіттерді қатаң іріктедік. Кейбір ойыншылармен қош айтыстық. Облыс басшылығының қолдауы нәтижесінде материалдық базамыз біршама жақсарды. “Қайрат академия” клубынан жаңа шабуылшы Павел Кривинцев келді. Атыраудан жас футболшы Ерасыл Аманжол мен “Қайсардан” Ерасыл Сейітханов қатарымызды толықтырды. Павлодар облысының клубында өнер көрсетіп жүрген Перали Алиев пен Алдан Балтаевты шақырдық. Қазіргі уақытта бұл тәжірибелі футболшылар маған көмектесіп жатыр. Жаңа ойыншыларға көп сенім артудамыз. Ең бастысы ерік-жігерлері, қайсарлықтары байқалады.
Бүгінгі таңда команда құрамында болашағынан зор үміт күттіретін футболшылар аз емес. Біздің бірқатар ойыншыларымыз еліміздің басқа клубтарында да сәтті өнер көрсетуде. Мәселен, Александр Сооленко қазіргі уақытта “Қайрат” клубында ойнап жүр. Юрий Перцов “Астана” клубының және ел құрамасының мүшесі. Екі жыл бойы өңір намысын қорғаған Тимур Мульдинов павлодарлық клубқа ауысты. Ильдар Айытов “Ордабасыдан” шақырту алды. Артем Черединов деген футболшымызға да сұраныс зор.
Ал жаңа ойыншылардың арасынан Ерасыл Сейітханды ерекше атап өтер едім. Танымал журналист, спорт комментаторы Амангелді Сейітханның ұлы бұған дейін “Іле Сәулет” клубында ойнаған болатын. Ол әу баста Сәрсенбек Оқасов, кейін Алексей Игнатченко мен Болат Сербай сияқты білікті бапкерлердің тәрбиесін көргенін білемін. Соңғы уақытта ұлттық құрама бапкерінің көмекшісі әрі білікті маман Андрей Феропонтовтан тәлім алды. Дарынды футболшы екені көрініп тұр.
– Сіздің “Qazsport” телеарнасында спорт комментаторы болып қызмет істегеніңізді де жақсы білеміз. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді.
– Иә, дұрыс айтасыз. Спорт комментаторы сол саланы терең меңгерген маман болуы қажет. Қазіргі уақытта спорттық жарыстарды, әлемдік біріншіліктерді майын тамызып көрерменге жеткізетін кәсіби спорт шолушылары аз емес. Осы орайда “Qazsport” телеарнасының комментаторы Жандос Байділдә, танымал журналист Амангелді Сейітхан, ресейлік белгілі жүргізушілер Георгий Черданцев пен Григорий Стангрит және тағы басқаларды атап айтуға болады.
Мен 2006 жылдан бері жиырмаға жуық футбол кездесуінде комментатор болдым. Алайда, спорттық шараны жүргізушілердің көпшіліктің көңілінен шықпай жататыны да жасырын емес. Мысалы, комментатор қарсылас екі команда спортшыларының есімін дұрыс атамай немесе ойынды дұрыс сараптай алмаса, көрерменнің көңілі қалады. Кәсіби маман болу үшін басқаларды тыңдап, олардың мықты тұстарын алып, кемшіліктерін қайталамауға тырысқан жөн. Сондықтан спорттық комментаторларды тәрбиелеу керек. Сонда ғана көпшіліктің спортқа сүйіспеншілігі арта түседі.
– Али Ханалиевич, Премьер-лигаға шығуға мүмкіндігіміз бар ма?
– Бүгінде “Қызылжар” футбол клубы президентінің тізгінін ұстаған Григорий Лория маған команданы супер лигаға шығаруды тапсырды. Аянып қалмаймыз. Оны енді уақыты келгенде көреміз.
Сұхбаттасқан Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.