Жарты әлемді шарпыған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 74 жыл толса да, оның бітеу жарасы әлі күнге дейін жүрегімізді сыздатады. Сұрапыл соғыс бірін әкеден, екіншісін бауырдан, енді бірін асыл жардан айырды. Бауыр еті баласынан көз жазып қалған аналар қаншама?! Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бойы өсіп, бұғанасы қатпаған жас бала да, еңкейген кәрі де майдан үшін еңбек етті. Қар жастанып, мұз төсенген қаншама азамат қанды қырғында қаза тапты.
Қаншама адам Ұлы Отан соғысы жылдарында із-түзсіз жоғалған аға-бауырларын әлі күнге дейін сағына іздейді, еске алып отырады. Осындай сезім менің де жүрегіме маза бермейді. Әкеме деген сағыныш қолыма еріксіз қалам алғызды. Атам Рахияның Тұрғынбек, Мырзахмет, Баяхмет, Қожахмет, Шаяхмет, ең кенжесі Сейітахмет деген ұлдары болған. Ел басына күн туғанда бір отбасыдан бес бірдей жігіт майданға аттанады. Соғыс кімге аяушылық жасап еді?! Ағайынды азаматтардың үшеуі елге аман оралып, бейбіт өмірге жеткенімен, Сейітахмет пен Мырзахмет ағатайларымның сүйектері майдан даласында қалды.
Әсіресе, Сейітахмет ағатайымыздың тағдыры, тіпті, аянышты. 1916 жылы дүниеге келген ол өте сауатты кісі болыпты. 1938 жылы ауылда есепші болып жұмыс істесе, одан кейін Жданов кеңшарында бастауыш партия ұйымының хатшылығына сайланады. 1940-1941 жылдары Пресновка аудандық комсомол комитетінде еңбек еткен. Көңіл қосып жүрген қызымен енді шаңырақ көтергелі жатқанда “соғыс басталды” деген суыт хабар жетеді. Түстен кейін Қайни шешеміз Сейітахмет пен оның қалыңдығын ауыл сыртына дейін шығарып салып, екі ғашық елден ұзағанша жолдарына қимай қарап тұрыпты. Содан соң екеуінің жолы екі жаққа айырылды. Біраз күндерден кейін ағамыздан атты әскер полкына алынып, арнайы дайындықтан өтіп жатқандығы туралы хат келеді.
Соғыс аяқталар тұста ауылда басқарма басшысы болған Үсенбай Арғынбаев деген қария аудан орталығынан ағатайымыздың сағынышқа толы үшбу хатын ала келгені бала болсам да жадымда сақталып қалыпты. Ал 1944 жылдың ақпан айында ағамыздың майдан даласында хабар-ошарсыз кеткені туралы жазылған қаралы қағаз алдық. Жат жерден топырақ бұйырған Сейітахметтің зиратын қанша іздесек те, таба алмадық.
Ал 1905 жылы туған Мырзахмет 34-ші гвардиялық атқыштар дивизиясында соғысқан. Ол 1943 жылдың шілде айында майдандағы ұрыстардың бірінде ажал құшты. Әкемнің басқа інілерінің қай жерде соғысқаны туралы нақты дерек жоқ. Бала болдық, ағаларым жайлы мәліметтер жинамағаныма әлі күнге дейін өкінемін.
Ал әкем 1938 жылы әскер қатарына алынып, 1943-1945 жылдары соғыс даласында от пен оқтың ортасында жүреді. Жеңістің таңын қарсы алғаннан кейін ол кеңес-жапон соғысына қатысады. Соғыс бітсе де, тек 1946 жылы үкіметтің әскерді босату туралы қаулысы шыққаннан кейін ғана елге оралады. Бауырларының майданда қаза табуы және хабар-ошарсыз кетуі әкеме ауыр тигені сөзсіз. Әкеміз салмақты, сабырлы, көп сөйлемейтін, үнемі ой үстінде жүретін адам еді. Бала болсақ та, ержеткенде оның қаза тапқан бауырларын аңсап, жүрегі сыздайтынын түсіндік.
Адамзат басына төнген зұлмат соғыс туралы басқалар кинодан көріп, кітаптан оқып білсе, мен өз әкемнің аузынан естіп өстім. Сұм соғыстың зардабы жайлы, өткен өмірін, қиын тағдырын тебірене әңгімелейтін. Елге оралғаннан кейін ол бейбіт еңбекке бірден араласып кетті. Еңбек жолын Қорғалжыңда бастап, жергілікті мектепте мұғалім болды.
Анамыз Шарипа Қасенқызымен 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек еткен ол ұл-қыздарын да адал қызмет етуге баулыды, жақсылыққа үйретті. Асқар тауым 1968 жылы өмірден өтсе, анашым 1986 жылы мәңгілік мекеніне аттанды.
Қайғы жұтқызған заман келмеске кеткенімен, жүректегі жара ешқашан жазылмайды екен. Менің әкем де көңіліндегі сағыныш отын өшіре алмай дүниеден озды.
Қуандық РАХИЕВ. Есіл ауданы.