«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫНЫШТЫҚ КҮЗЕТІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігіміздің күзетінде тұрған ұлттық әскеріміздің орны қашан да бөлек. Осы салада жүрген әрбір адамға жүктелетін жауапкершілік те орасан. Облыс орталығында тұратын ерлі-зайыпты Сағындық пен Салтанат Алқайдаровтар – әскеріміздің айбынын адал еңбегімен асқақтатып жүрген өнегелі жұптардың бірі.

Әр мамандықтың өз ерекшелігі мен қиындығы болатыны сөзсіз. Соның ішінде әскери қызметтің аса жауапты сала екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Мұнда сен нәзік жансың немесе азаматсың деп бөле-жара қарамайды. Бәрі де ел тыныштығын қамтамасыз ету жолында қатаң тәртіпке бағынады. Үйдің отағасы Сағындық Ахмадиұлы осындай жауапты саланы таңдағанына еш өкінбейді. Бүгінде ол Ұлттық ұлан әскери институтында батальон командирі қызметін атқаруда. Ол Шал ақын ауданының Жалтыр ауылында туып-өскен. Әкесі ұлының болашағын осындай жауапты саламен байланыстыруын қалап, оған 1999 жылы әскери училищеге оқуға түсуге кеңес береді. Бала күнінен ата-анасының темірдей тәртібін көріп өскен бозбалаға білім ордасында оқу қиындық тудырмайды. Білімге деген құштарлығының арқасында оқытушыларының сенімін ақтап, оқу орнының бетке ұстар курсанты атанады. Спорттық жарыстарда жүлделі орындарды еншілеп, оқу ордасының қоғамдық жұмыстарына белсене қатысады. Облыстық құрама өткізген үш сайыста бірінші орынды иеленгені – шынығып өскен шымыр бала үшін ұмытылмас жеңіс, зор мақтаныш. Оқу бітірісімен Қарағандыға жіберіліп, взвод командирі ретінде еңбек жолын бастайды. Осы жерде мансаптық шені өсіп, жұмыс бабымен Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларына ауысады. Мұнда да әріптестері арасында беделі арта түседі. Соның бір дәлелі – Сағындық Ахмадиұлы 2015 жылы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы медальға ие болды. Жеке мұрағатында сақталған өзге де марапаттар офицердің еңбегінің жанғандығының белгісі іспетті. Бүгінде жерлесіміз болашақ офицерлердің әскери даярлығының жоғары болуына күш салуда. “Жекпе-жек, ұрыс тәсілдері кезінде жедел шешім қабылдау, ең аяғы ішкі түйсігіңді суыққанды басқарып, батыл жүректі болу – әр әскериден талап етілетін басты қасиет. Адам бәрін туа сала үйренбейді. Оқу-жаттығу кезінде әр курсанттың қабілетін дамытып, жетілуіне жол сілтейміз”, – дейді Сағындық Алқайдаров.
Оның зайыбы Салтанат Амангелдіқызы да осы салада, нақтырақ айтсақ, үш жылдан бері №6637 әскери бөлімнің фельдшері болып қызмет етіп келеді. Ол шаңырақтың шырайын келтіруді, балаларының оқуда озат, қатарластары арасында үлгілі болуын бірінші орынға қояды. Тағдыр қосқан қосағының жұмысының жауапты да, қиын екенін жақсы түсінеді. Сондықтан шаңырақта отағасының барлық жағдайын жасауға тырысады. “Анам “Ер азығы түзде” деген сөзді үнемі айтып отыратын. Ол кісі әкемнің қызмет баспалдағымен өрлеуіне жағдай жасады. Анам ер-азаматты сыйлаған әйелдің мәртебесі жоғары болатынын сөзімен ғана емес, ісімен де көрсете білді. Бізді де солай тәрбиеледі. Құдайға шүкір, ата-енем де жақсы адамдар. Отбасымызда, бала тәрбиесіне өзге де мәселелерге қатысты жағдай туындай қалса сол кісілердің ақылына, қолдауына жүгінемін”, – дейді Салтанат Амангелдіқызы.
Бүгінде жас ана осындай асыл жандардан алған тәрбиесін төрт перзентінің бойына сіңіруде. Әңгіме арасында көпбалалы ана бала тәрбиелеудің, бақытты отбасы болудың құпияларымен де бөлісті. “Баланың тәрбиесіне, оның өмірден өз орнын табуына, адам болып қалыптасуына алдымен, ата-анасы жауапты. Өмірге келген әр сәби ананың аялы алақанын, әкенің әкелік мейірімін сезініп өсуі тиіс. Баланың жүрегі соны қалайды. Егер балаларымыз мықты, рухты, намысты, білімді болатын болса, онда ел ертеңіне елеңдеуге себеп жоқ. Ал мұның барлығы тәрбиеден бастау алады”, – дейді ол.

 

Гәкку ЕЛУБАЙ, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp