Иван Шухов атындағы қалалық кітапхананың коворкинг орталығында “Modern Qazaqstan” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен “Жас отбасы мәселелері” тақырыбында “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Бұл шарада отбасы құндылықтарын сақтау және ажырасудың алдын алу тақырыбында баяндама жасадым.
Шара барысында жас отбасыларды әлеуметтік қолдау, бала тәрбиесі, ерлі-зайыптылардың бір-бірі алдындағы жауапкершілігі және ажырасу себептері бойынша жастар өз ойларын ортаға салды. Белсенді жас Дархан Теміртас кітапхана жанынан “Family start” клубын ашқан. Шаңырақ көтерген жас буын өкілдері мұнда психологтардың тегін көмегіне жүгіне алады.
Отырыста жас жұбайлар арасында белең алған ажырасу мәселесін жан-жақты талқылап, осы тақырып төңірегінде ой айтуды жөн көрдім. Ерлі-зайыптыларға психологиялық көмек беру мақсатында 2015 жылы “Көмек” тренинг орталығын құрған болатынбыз. Онда отбасы тақырыбынан бөлек қыздар тәрбиесіне және жеке тұлғаны қалыптастыру мәселелеріне қатысты шаралар жүзеге асырылады. Қиын отбасылық жағдайларда психотүзетушілік көмек беруді де басты міндеттеріміздің бірі санаймыз. 2017-2018 жылдары орталық мамандары Қызылорда облысында, Орал қаласында отбасы құндылықтары тақырыбында бес күндік семинар өткізді. Аутизм ауруына шалдыққан балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға ақыл-кеңес беру мақсатында тренингтер ұйымдастырдық. Түрлі жаттығулар мен тренингтерімізге қатысқан аутизмге шалдыққан балалардың дерттерінен айығып, өзгелер сияқты білім алып жүргенін айта кеткен жөн. Осы және өзге де жетістіктерімізді айта отыра, “Family start” клубының басшылығына жастар арасында семинарлар өткізу жөнінде ұсыныс білдірдім.
Біз көмек сұрап келген жандарға мінез-құлықты түзетудің, отбасылық құндылықтарды сақтаудың және туыстар арасында жылы қарым-қатынас орнатудың әдіс-тәсілдерін үйретеміз. Отбасында берілетін тәрбиенің ықпалы азайған қазіргі қоғамда балаларды психологиялық-педагогикалық тұрғыда қолдаудың маңызы зор. Осы тұрғыда тренингтерімізге мектеп жасындағы балалар да қатысады. Балалармен кеңесе отырып, олардың жеке қызығушылықтарын анықтауға, белгілі бір мақсаттарға деген ұмтылыстары мен мүмкіндіктеріне қолдау көрсетуге, сол арқылы оң нәтижеге қол жеткізулеріне атсалысамыз.
Адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу мақсатында да ата-аналарға бағыт-бағдар береміз. “Дөңгелек үстел” отырысында қатысушыларды алаңдатқан отбасы мәселелері жайлы түрлі сауалдарға жауап беріп, “Көмек” орталығында атқарылып жатқан осындай шараларға қанықтырдық.
Ғалия БАЯЗИТОВА, “Көмек” тренинг орталығының жетекшісі.