«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТБАСЫНЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ата-бабаларымыз қашанда отбасылық құндылықтарға ерекше мән берген. Әсіресе, шаңырақтың шегесі саналатын алтын құрсақты аналарды айрықша қадірлейді. Өмірін бала тәрбиесіне арнап, отбасының ұйытқысы бола білген асыл жандарымыз кез келген мадаққа лайық. Солардың бірі – жеті бала туып, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған ардақты ана Сәлима Нығметова.

Он бес немере, 24 шөбере сүйіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған 82 жастағы қария өткен күндерін қимастықпен еске алады. Осынау ғұмырының әр жылында адал еңбек пен маңдай тердің ізі жатыр. Тағдыр оның жолын 1956 жылы Қажыбай Нығметұлы деген азаматпен тоғыстырды. Ерлі-зайыптылар отбасылық өмірдің алғашқы күнінен нағыз бақыттың маңдай термен келетінін түсініп, түрлі жұмыстарды атқарды. Отағасы мал шаруашылығы саласында еңбек етсе, Сәлима әже ұзақ жылдар бойы ұжымшар бөлімшесінде сауыншы болды. Ол бала тәрбиесімен қатар қолындағы кәрі ата-енесіне қамқорлық танытып, олардың еш нәрседен қам жемеуіне жағдай жасады.
Бүгінгі таңда Сәлима әжей ұрпағының ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Бес парызын қаза қылмайтын ақ жаулықты ана ұрпақтарының амандығын, ел-жұртының бақытты болуын тілейді. “Өнегелі ісімен, ерлігімен, ұлағатты сөзімен елге танымал болған аналарға құрмет көрсету – көрегенділіктің белгісі. Қазағым кішіпейілдік, жанашырлық қасиетімен өзгелерге қарағанда, оқ бойы алда тұр ғой. Соның бір белгісі – бүгінде мемлекет көпбалалы аналарға жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Жастарға көпбалалы, батыр ана болуға талпыныңдар дегім келеді. Қазақтың санын көбейту, саналы ұрпақ тәрбиелеу – аналардың міндеті” – дейді кейуана. Қырандай ұлдар мен құралайдай қыздар тәрбиелеген, бүкіл айналасына жылуы мен мейірім шуағын шашқан осындай кеңпейіл аналарымыздың ортамызда жүргені қандай бақыт!

Гүл НҰРАЛИНА. Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp