Дүниежүзілік бала емізу апталығы аясында өңірдегі бірқатар медициналық мекемеде ақыл-кеңес беру шаралары ұйымдастырылды. Апталық аясында нәзік жандар ана сүтінің пайдасы туралы кеңінен мағлұмат алды.
Сонымен қатар, болашақ аналар бала емізудің әдіс-тәсілімен танысты. Ақхалаттылардың айтуынша, жас аналар мамандардың көмегіне жүгінуден жасқанбауы керек.
– Өкінішке қарай, қазір көп аналар баланы бір-екі ай ғана емізеді де, ары қарай жасанды сүтпен немесе қоспалармен тамақтандырғанды жөн көреді. Бұл дұрыс емес. Себебі, нәрестені кем дегенде бір жасқа дейін ана сүтімен қоректендіру қажет. Ана сүтінде балаға қажетті дәрумен, ақуыз, май және көмірсулар бар. Жас аналарымыз осыған баса мән берсе екен, – дей келе, “Денсаулық” коммерциялық емес жекеменшік мекемесінің акушер-гинеколог дәрігері Вера Кенжибаева ана сүті – табиғи қорек екенін, сәби күнінде уызға жарыған бала түрлі ауруға төтеп бере алатынын жеткізді. Мамандар бала емізудің өзіндік қиыншылықтары да бар екенін айтты. Сондықтан болашақ аналарды бала күтіміне алдын ала дайындаудың маңызы зор.
Сурет https://aif.ru/ сайтынан алынды.