«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«БЛОГЕРЛЕР АЙҚАСЫ» АЯҚТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда алғаш рет ұйымдастырылған «Блогерлер айқасы» өз мәресіне жетті. Байқауға 20-дан астам әлеуметтік желі белсендісі қатысты. Жастар бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін бірнеше минуттық бейнеролик арқылы жеткізуге тырысты. Олар негізінен жұмыссыздық пен экология мәселелерін қозғады.

«Парень-бронижилет» деп аталған бейнероликтің бас кейіпкері – бала жастан мүгедек Владимир Гришин. Тағдыр теперішіне тап болған ол әрбір күнін арпалыспен өткізгенімен, мұның барлығы лайықты өмір сүру үшін жеткіліксіз. Сондықтан әлеуметтік желілердің белсендісі Игорь Попов қоғам назарын мүмкіндігі шектеулі адамдардың қиындықтарына аударғысы келіпті. Ол Владимир Гришинмен бала кезінен таныс болғандықтан, бастан өткерген қиындықтарын жақсы біледі екен. Игорь Поповтың өзі: «Тым болмаса бір адамға көмегім тисе, осының өзін жеңіс деп санаймын», дейді. «Ютуб»-қа жүктелген бейнеролик 1400-ге жуық қаралым жинапты. Ең бастысы, 50-ден астам адам Владимирге көмек қолын созбақ ниетте.
Теріскейліктердің назарын аудартқан бейнероликтің тағы бірі «Жұмыссыздық» деп аталады. Жергілікті блогерлер үйсіз-күйсіз қалып, ішімдікке салынған адамдар арасында әлеуметтік эксперимент жүргізіпті. Олар панасыз жандарға тегін тамақ пен сыра екеуінің біреуін таңдап алуды ұсынған. Өкінішке қарай, қаңғыбастардың дені басымдықты алкогольге берген екен. Кей жігіттер өмірін өзгерткісі келген қаңғыбастың бірі үшін пәтер жалдапты. Оны тамақпен қамтып, байланысқа шығу үшін ұялы телефон сатып алған. Тіпті, жұмыспен қамтымақ болған. Алайда, азамат алғашқы жұмыс күнінде-ақ ізін суытқан.
Қоғамдағы түйткілді мәселлеерді назардан тыс қалдырмай, оның шешу жолдарын іздеп жүргендердің бірі – Әлихан Көшербаев. “Білім-Инновация” лицей-интернатының оқушысы екі жыл бұрын экология мәселелерін зерттеуді қолға алыпты. Әлеуметтік бейнеролигі де дәл осы тақырыпта.  «Мен Шаховское полигоны туралы бейнеролик әзірледім. Жыл сайын мұндағы қоқыс көлемі артуда. Тамақ пен өзге заттардың қалдығын лақтырғанмен, біз одан құтылмайтындығымызды түсінуіміз қажет. Яғни, бар болғаны қоқысты өз үйімізден әрірек тастаймыз. Алайда, бірнеше жылдан кейін бұл кәдімгідей проблемаға айналмақ. Сондықтан, экологиялық мәдениетті бүгіннен қалыптастыру қажет», деп санайды Әлихан Көшербаев.
Бүгінде блогерлер – проблеманы ашық айтып, бұқараға жеткізетін қауым ретінде танылып келеді. «Сондықтан мұндай жастарға қолдау көрсету қажет», – дейді «Modern Qazaqstan» қозғалысының төрағасы Дархан Теміртас. Блогерлер қауымдастығын құру туралы ойлары да бар. «Блогерлер айқасына» барлығы 20-дан астам жас қатысыпты. Сайысқа ұсынылған бейнероликтердің үздік деп танылғандарының авторлары марапатқа ие болды.

https://mtrk.kz

Сурет https://iz.ru сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp