Жуырда республикалық кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының өкілдері өңірлік бизнес өкілдерімен кездесті. Диалог барысында орталық мамандары салық заңнамасындағы өзгерістерді әңгімелеп, он кәсіпкерге POS-терминал сыйлады.
Бүгінгі таңда Петропавлда 38 мың кәсіпкер жұмыс істейді. Олардың 15 мыңында POS-терминал жоқ. Аталмыш жабдық 100 мың теңге тұрады. Мұндай қаржыны қалтасы көтере бермейтіндерге көмектесуді мақсат тұтқан орталық өкілдері әр өңірде болып, тәуекел тобына енген кәсіпкерлерге қол ұшын созуда. Сондай-ақ, салық заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіріп, осылайша жеке кәсіпорын басшылары мен олардың бухгалтерлерінің білімін шыңдауда.
POS-терминалға ие болғандардың бірі – Тамара Пеннер. Ол өз ісін 2011 жылы Мамлют ауданында ашқан. Ал тоғыз ай бұрын Қызылжар қаласында дүкен ашып, бизнесін кеңейткен. «POS-терминал салық органдарымен жұмысымызды біршама жеңілдете түседі. Әрі есеп-қисапты дұрыс жүргізуге мүмкіндік береді», дейді кәсіпкер.