Петропавл қаласында қазақ күресінен кәсіби спорт клубтар арасында тұңғыш рет өткен Қазақстан кубогы өз мәресіне жетті.
Жастарды спортқа тарту, халқымыздың ұлттық күресін насихаттау мақсатын көздеген сайысқа “Қызылжар Арландары” (СҚО), “Елорда батыры” және “ҚР Орталық армия спорт клубы (ЦСК)” (Нұр-Сұлтан қ.), “Qazaq kuresi” (Алматы қ.), , “Жекпе-жек” (Тараз қ. облысы), “Қазақ күресі” және “ЗАК КАР” (Қарағанды облысы) спорт клубтары қатысып, бас жүлдені сарапқа салды.
Жарыс бағдарламасына сәйкес 70-тен астам балуан 55, 60, 66, 74, 82, 90 және 90+ килограм салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жарыс қазақ күресі федерациясының 2019 жылы бекіткен ережесіне сәйкес өткізілді. Балуандар олимпиадалық жүйе бойынша белдесті.
Екі күнге созылған сайыста үш дүркін “Қазақстан барысының” жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев бастап келген Жамбыл облысының “Жекпе-жек” спорт спорт клубы жеңімпаз атанды. Алматылық “Qazaq kuresi” клубы екінші орынға ие болды. Ал өңір намысын қорғаған “Қызылжар Арландары” клубы үздік үштікті түйіндеді. Қызылжарлықтар алғашқы кезеңде Қарағандының “ЗАК КАР” клубымен кездесіп, 6:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Екінші кезеңде Тараз қаласының “Жекпе-жек” спорттық клубынан 3:4 есебімен жеңілді. Ал үшінші орын үшін болған кездесуде Қарағандының “Қазақ күресі” клубының өкілдерімен белдесті. Бұл жолы жерлестеріміз 5:2 есебімен басым түсті.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және грамоталармен марапатталды.