Петропавлда «Қымызфест» фестивалінің аясында ересектер арасында «Ботай» ұлттық ойынынан облыстық турнир өтіп жатыр. Оған Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Петропавл қалаларынан және өңір аудандардан бірнеше құрама командалар қатысуда.
– «Ботай» – Солтүстік Қазақстан өңіріне ғана тән ойын. Оның бірнеше ерекшелігі бар. Атап өтсем, ойында жылқының сүйегі пайдаланылады және оны ер адамдар ғана ойнайды. Барша солтүстікқазақстандықтардың мақтанышына айналған тарихи орын – «Ботай» тұрағында қазба жұмыстарын жүргізу кезінде осындай сүйектер мыңдап табылған. Бұл ойынның Қызылжар өңірінде пайда болғанын және оның өте көне екенін дәлелдейді. Сондықтан біз ойынды «Ботай» деп атап, облысымыздың брендіне айналдыруды мақсат етіп отырмыз», – дейді «Ботай» ойынының авторы, «Қызылжар жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлік Мұхамеджанов.
Ойын қорытындысы бойынша жүлделі үш орын белгіленіп, жеңімпаздар «Сұрмерген», «Көрермендер көзайымы» және «Жеңіске деген талпынысы үшін» аталымдары бойынша бағалы сыйлықтар мен дипомдарға ие болмақ.