Шілденің 1-інен бастап «Азаматтық және қызметтік қару айналымы» туралы заңға өзгерістер енгізілді. Енді азаматтар пневматикалық қаруды арнайы мамандардың толық тексерісінен өткен соң ғана қолдану құқығына ие болады.
Бұдан былай көзге газ шашатын баллон, аэрозольды бүріккіш, сигналдық тапанша, қуаты 7,5 Дж-дан аспайтын пневматикалық тапанша сияқты қорғаныс құралдарын сатып алу үшін рұқсат қағазы керек.
Қалалық полиция бөлімінің азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімшесінің аға инспекторы Әлішер Жармағамбетовтің түсіндіруінше, бұл қаруларды 18 жасқа толған азаматтар соттылығының болмауы туралы және қару ұстауға рұқсат қағазы мен медициналық тексерістен өту туралы анықтамаларды ұсынған жағдайда ғана ала алады.
Петропавлдағы қару-жарақ дүкенінің иесі Татьяна Сухоносованың айтуынша, сатып алушылардың аталған өзгерістерге көңілдері толмайтын көрінеді. Себебі, нәзікжандылардың сұранысына ие қарапайым газ баллонын сату қиындай түскен. Енді оның өзіне де рұқсат қағазы мен медициналық анықтамалар қажет.
Егер азаматтар заң талаптарын ескермесе, жеке тұлғалар үшін – 10 АЕК, яғни 25 250 теңге, ал заңды тұлғалар үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
https://mtrk.kz
Сурет https://journal.tinkoff.ru сайтынан алынды.