Шығысқазақстандық өлкетанушы Алдияр Әубәкіров ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың тағдырын зерттеумен айналысады. Өңірімізге арнайы келген ол облыстық полиция департаментінің ведомстволық мұрағат қорынан ақынның туған-туыстарына қатысты көптеген деректермен танысты.
Жалпы мұрағат қорында 1930-1950 жылдары заңсыз сотталып, кейін ақталған солтүстікқазақстандықтарға қатысты 5364 қылмыстық іс бар. Сондай-ақ, полиция мұрағатында ақтауға жатпайтын тұлғаларға қатысты және әскери тұтқында болғандар мен Германиядан қайтарылған бұрынғы КСРО азаматтарына қатысты істер сақталуда.
– Бұл материалдар шетелдік тарихшылардың да қызығушылығын тудыруда. Жыл басынан бері еліміз бен Ресей, Польша, Украина елдерінен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және фашистік тұтқындықтың құрбаны болған жерлестеріміз туралы 15 сұрауға жауап бердік, – дейді облыстық полиция департаментінің ақпараттық-сараптама орталығының арнайы мемлекеттік мұрағаты тобының бас маманы полиция капитаны Эльмира Валиулина.