Тәртіп сақшылары “Мигрант” жедел алдын алу шарасының аясында көші-қон ережесін бұзғаны үшін сегіз адамды ел аумағынан шығарды.
Шара аясында вокзал маңы, базарлар, құрылыс нысандары мен транзиттік көліктер тексерілді. Сондай-ақ, Қазақстан аумағынан шығару туралы шешімді орындамаудан жалтарған шетелдіктерді іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Жиырма жастағы ресейлік азаматша таныстарының үйіне кезек-кезек барып, мекенжайын жиі ауыстырғандықтан, елде болу мерзімін бұзған. Полицейлер оған қатысты материалдарды сотқа жолдады. Сот шешімі бойынша ол ел аумағынан шығарылып, бес жыл бойы қайта кіре алмайтын болды. Құрылыс аланыңда жұмыс істеп, түрлі заң бұзушылықтар жасаған 1986 жылы туған Өзбекстан азаматына қатысты да осындай шара қолданылды.
Жалпы жыл басынан бері облыста 15195 шетелдік тіркелген. 1863 адам елде болу ережелерін бұзғаны үшін жазаланса, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 78 жұмыс беру де жауапқа тартылды.
Сурет http://mvd.gov.kz сайтынан алынды.