«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘДЕНИЕТ – ЕЛДІҢ АЙНАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов “Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер”, деп баға берген, театр – тәрбие ордасы ғана емес, өмір айнасы, өнеге көзі. Қай заманда болмасын театр өнері, сахна құдіреті ешқашан өзінің қасиеті мен қадірін, орны мен рөлін жоғалтпайды. Өмір көшінде театрмен тағдырым тоғысқанына қуанамын.

Мәдениет пен өнердің қасиетті қарашаңырағына айналған Сә­бит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры алғаш құрылған жылы есімі елімізге белгілі режиссер Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек бастаған Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бір топ түлектері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұсауын кескен жас театрға жұмысқа орналасты. Солардың ішінде мен де бармын. Оған да, міне, жиырма жылдың жүзіне жақын. Өткен жыл­дарға көз жүгіртсек, театр үшін бастапқы кезең қиындықтарға толы болды. Өнер ордасының ұйымшылдығының арқасында театр труппасы аз уақыттың ішінде ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістікке жетті, түрлі қо­йылымдарды сахналап үлгерді. Театрдың­ қоюшы-режиссері ре­тінде өнер ұжымының әр жетістігі еселі еңбекпен келгенін айта ала­мын. 

Еңбекақының аздығына қара­мастан, біздің театр әртістерінің өнерге деген құштарлығы зор. Соның арқасында талай додада топ жардық. Рухани ордамыз республикаға танымал театрлардың қатарында екенін мақтанышпен айта аламын. Жалпы, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры үшін биыл табысты жыл болды. Ақтөбе, Өс­кемен қалаларында өткен халықаралық, республикалық театр фестивальдарынан жүлдемен оралдық. Бұл орайда, жас өнерпаз, театрдың көркемдік жетекшісі Фархад Молдағалидің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жақында Семей қаласы мен Қырғызстанда екі үлкен ауқымды фестиваль өтпек. Айтулы шара­лардан да жеңіс күтеміз.
Соңғы кезде өнерге көзқарас түзеліп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңінде бірқатар салалардың дамуына қолдау көрсе ту қажет екенін атап өтті. Алдағы уақытта мәдениет қызметкерлерін қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылатыны қуантады. Биылғы Жолдаудан жаңа леп, тың серпін байқалады. “Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, му­зей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде”, – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Мәдениет қызметкерлерінің ең­бекақысы көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, қазір театрда жұмыс істейтін жастардың әлеуметтік жағдайы жақсы деп айта алмаймын. Мәселен, біздің театр­дың труппасы жастардан құрал­ған. Жиырма бес актер бар. Олардың сексен пайызы пәтер жалдап тұрады. Осыдан-ақ, актерлердің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы қан­дай екенін аңғаруға болады. Мұның бәрі жұмысқа да кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан қосым­ша табыс іздейтіндері өз алдына кейбірі өнерден алшақтап, басқа салаға бет бұруда.
Білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы әлеумет­тік жеңілдіктердің мәдениет сала­сының өкілдеріне де жасалғанын құп көремін. Мәселен, облыс орталығында дәрігерлер үйі бар. Онда дәрігерлерге бес жыл тегін тұру мүмкіндігі қарастырылған. Осы уақыт ішінде олар баспана сатып алуға қаржы жинай алады. Өнерпаздар үшін де осындай тұр­ғын үй кешені салынып, жеңіл­діктер жасалса керемет болар еді. Сонымен қатар сахна сыртында жұмыс істейтін қаншама маман бар. Олар да назардан тыс қалмаса екен.
Президентіміз кадр саясатына ерекше назар аударып, бұл салада қордаланған мәселелерді шешуді тапсырды. Өкінішке қарай, мәдениет саласында да кадр тапшылығы бар. Қазіргі таңда театрда суретші, гример мамандар жетіспейді. Ауылдағы өнер ошақтарында да мамандар тапшы. Мәдениет қызметкерлеріне тиісті жағдай жасалмағандықтан, көбі ауылда жұмыс істеуден бас тартады. Біріншіден еңбекақы аз, екіншіден пәтер жалдау керек. Жас мамандардың тапқан табысы жүріп-тұруынан артылмайды. Сондықтан жұмыс істеуге оларда құлшыныс қайдан болсын? Бұл мәселені Мемлекет басшысы дер кезінде қолға алды деп ойлаймын.
Театр әртістерінің әлеуметтік жағдайы түзелсе, рухани орда­ның жаңа ты­нысы ашылар еді. Өйткені, көп мәселе әлеуметтік жағдайға тіреледі. Қазір бізде жұмыс істейтін актерлердің ор­таша еңбекақысы 80 мың теңге. Тіпті, алпыс мың алатындар бар. Ол ақшаға өнер адамдары қалай күн көреді?
Ұлттың рухы, тарихы мен бол­мысы мәдениеттен бастау алады. Сондықтан Қазақстан Президентінің Жолдауда мәдениет сала­сын дамытуға айрықша көңіл бөлуі көңілімізді өсірді.
Алдағы уақытта өнер адамдары да құлшына еңбек етпек. Жалпы театрға реформа қажет деп ойлаймын. Елімізде театр жылы белгіленсе, тіпті ғажап қой. Қазақ елін әлемге паш еткен жер­лесіміз Самал Есләмова сияқты дарындар жарқ етіп шығар еді. Руханиятқа қызмет етіп жүрген азаматтарды қолдау – мәдениетіміздің тасын өрге домалату жолындағы игі бастама.

 

Баатырбек ШАМБЕТОВ,
Сәбит Мұқанов атындағы
облыстық қазақ сазды-драма
театрының қоюшы-режиссері,
Қазақстанның Мәдениет қайраткері.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp