«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕМХАНАҒА ТІРКЕУ БАСТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Қыркүйектің 15-нен қараша айының ортасына дейін тұрғындар алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына тіркеле алады. Биыл оны “ электронды үкімет” веб-порталы арқылы жүзеге асыруға болады. Ол үшін электронды-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы қажет. 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мамандарының айтуынша, емханаға тіркеудің автоматтандырылған үрдісі тәртіп бұзушылықтарға жол бермейді. Емхана немесе дәрігерлік амбулаторияны еркін таңдау қағидатында да өзгерістер бар. 

– Бұрын ешқандай шектеу болған жоқ. Бұл бірқатар қиындықтар туғызды. Мәселен, тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген адамдарға, оның ішінде жүкті және жаңа туған нәрестелерге қызмет көрсетуде келеңсіздіктер туындады, – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қарасты медициналық көмекті сатып алуды ұйымдастыру департаментінің директоры Ләззат Әлімова. Осыған байланысты нормативтік базаға өзгерістер енгізілді. Енді, алғашқы көмекті қаладағы бір ауданның аясында ғана таңдауға болады.
Тіркеу кезінде отбасылық қызмет көрсету қағидатына басымдық беріледі. Яғни, отбасы мүшелері бір емханада медициналық көмек алады. Он сегіз жасқа толмаған балаларды олардың заңды өкілдері тіркеуге құқылы.
Медициналық ұйымда тіркелген адам саны шамадан тыс болса, тіркемеуі де мүмкін. Талап бойынша учаскедегі жалпы тәжірибе дәрігері 1700 адамды ғана қабылдауы тиіс.
Медициналық қызметкерлер жаңа учаскелерді ұйымдастыру дәрігердің жүктемесін төмендетіп, қызмет көрсету сапасын жақсартатынын айтты. Дәрігер қабылдауға келген адамға жеткілікті көңіл бөлуі тиіс. Емханаға тіркеу науқанының қорытындысы бойынша әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры алдағы жылға халыққа емдеу қызметін көрсетуге тапсырыс береді. Жаңадан таңдалған емханаға 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап баруға болады.
Адамның тұрғылықты жері өзгерсе емхананы ауыстыруға болады. Тіпті, ешқандай себепсіз де жылына бір мәрте емхананы ауыстыруға мүмкіндік бар.

 

Сурет https://elorda.info сайтынан алынды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp