Ресейдің Сасово қаласында роллерлік және кросстық полиатлоннан әлем чемпионаты өтті. Оған жергілікті спортшылармен қатар Әзірбайжан, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстаннан келген 200-ге жуық спортшы қатысты.
Бәсі биік сайыс барысында қатысушылар спорттың бірнеше түрі бойынша өзара мықтыны анықтады. Бұл жарыста Петропавл қаласының жоғары спорт шеберлігі клубының жеті тәрбиеленушісі өңір намысын қорғаған болатын. Спорттық клубтар арасындағы бәсекеде жерлестеріміз жалпыкомандалық бірінші орынға ие болды.
Жастар арасында өткен жекелей есепте Рафаил Кадыров пен Виктория Шварц алтыннан алқа тағынды. Сонымен қатар Рафаил тағы бір дода кезінде қола жүлдені еншіледі. Ал Александра Самойленко үшінші орынға ие болды. Жасөспірімдер арасында өткен бәсекеде Никита Береский екінші және үшінші орындарды жеңіп алды. Ал спорт ардагерлері арасында алтын және күміс медальдар Александр Наумовқа бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды.