Тайынша қаласында жұмыс істейтін жас мұғалім Иван Бурковский елімізде алғашқылардың бірі болып мүмкіндігі шектеулі балаларға робототехниканы үйретуді қолға алды. Оның жобасы “Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары” республикалық байқауының облыстық кезеңінде үздіктердің қатарынан көрінді.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін дефектология мамандығы бойынша аяқтаған жас маман бес жылдан астам уақыт психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде ерекше оқытуды қажет ететін балалармен жұмыс істейді. Иван Бурковский бұрынғы оқыту әдістемесі өзектілігін жоғалтқандықтан, оны өзгертіп, тың, әлдеқайда тиімді әдіс-тәсілдерге көшетін уақыт жеткенін түсінген. Сондықтан қанатқақты жобаны қолға алуды екі жылдан бері ойластырған. Бірақ жан-жақты зерделеп, іске асыруға бірнеше ай бұрын ғана көшкен екен.
– Мен бірде балалардың робототехникамен қызыға айналысып жатқандығының куәсі болдым. Сол кезде сабағыма робототехника элементтерін енгізу жөнінде ой келді. Өйткені, робототехника балалардың есте сақтау қабілеттерін арттырады, қиялдауға үйретеді. Үздік болуға ынталандырады. Жаңа жобаны енгізгелі жеткіншектер дефектолог, логопед, психолог мамандардың сабақтарына келуге асығып тұрады. Әрі тапсырмаларды қызығушылықпен орындайды. Біз мұны алғашқы жетістігіміз деп білеміз, – дейді Иван Бурковский.
Қазіргі таңда жас маманның сыныбында 10 бала бар. Ал Тайынша ауданының өзінде ғана мүмкіндігі шектеулі 386 бала тұрады. Сондықтан Иван Бурковский алдағы уақытта жобаның қолданыс аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.
– Әр робот шамамен 180-200 мың теңге тұрады. Бізге ең кемінде төрт робот керек. Қазір Тайынша ауданындағы орта мектептердің бірінен екі роботты сұрап алып қолданып жүрміз. Қаржы табылып жатса, кеңірек ғимаратқа көшіп, роботтар сатып аламыз, – дейді жоба авторы.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.