Көпшілік тауар сатып алғанда, әсіресе, балаға қажетті дүние таңдағанда көп нәрсені ескере бермейді. Қазір оқу жүктемесі шамадан тыс екені жасырын емес. Алдымен оқушының денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналар сөмкенің сапасы мен салмағына мән беруі керек.
Бүгінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар саны артуда. Мектеп жасындағы балалар дәрігерге арқа, бел, мойын, бас ауруымен жиі барады. Бұл ақаулар омыртқа жотасының дұрыс қалыптаспағанын аңғартады. Кесел ауыр рюкзакты көтергеннен пайда болуы мүмкін. Сондықтан балаға сөмке сатып алуда ата-аналарға бірнеше жайтты есте ұстауға кеңес береміз.
Кез келген бұйымда міндетті түрде таңба белгісі болуы тиіс. Мәселен, рюкзактағы таңбада баланың жасы көрсетілуі керек. Егер таңбада рюкзакты қандай мақсатта пайдалану қажет екені және пайдаланушының жасы белгіленбесе, онда бұл сөмке балаға арналмаған болуы мүмкін. Сатушыдан тауардың сәйкестік құжатын талап ету қажет.
Бастауыш сынып оқушылары үшін арқаға асатын сөмке, портфель немесе рюкзактың салмағы 700 грамнан аспауы керек. Ал орта және жоғары сынып оқушыларының сөмкесінің салмағы бір килограмды құрайды. Талап бойынша бірінші сынып оқушысының сөмкесі 2,2 кг. (700 гр. рюкзак + 1,5 кг. кітап), жоғары сынып үшін – 5 кг. (1 кг. рюкзак + 4 кг. оқулық пен дәптер) болуы тиіс.
Бастауыш сынып оқушыларына арналған рюкзактың қатты болғаны жақсы. Иыққа ілетін баудың астары желдетілетін матадан жасалғаны жөн. Бау берік бекітіліп, ұзындығы бойынша реттелуі шарт. Белдіктің біреуінде рюкзактың ажыратқышы болады. Егер бала бастауыш сыныпта оқыса, ортопедиялық арқасы бар рюкзак алуға кеңес береміз.
Қыста мектепке таңертең барып, үйге кешке оралатын балалар болса, жол қауіпсіздігі үшін арқаға ілетін сөмкеде жарық шағылыстыратын элементтердің болуы маңызды. Бұл барлық рюкзактарға, тіпті, жоғары сынып оқушылары ұстайтын сөмкелерге де ортақ талап.
Гүлнәр СЕЙІТОВА,
облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы.