1991 жылдың 29 тамызында еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қырық жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, “мылтықсыз майданның” ошағы болған Семей полигоны жабылды. Бұл – Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі болатын.
Кеңес заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өткені белгілі. Арнайы 18 млн. гектар жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Әлемдегі ең ірі полигондардың бірі болған бұл жерде 1949 жылдың 29 тамызынан бастап 500-ге жуық жерасты және жерүсті сынақтары өткізілді. Нәтижесінде ауа ластанып, халық орны толмас зардап шекті. Әрбір жарылыстан кейін улы газ желмен жан-жаққа тарап, адамдарға зиянын тигізді. Жер мен аспан түтінге оранып, экология апаттық жағдайда деп танылды. Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Халқымыз ұзақ жылдар бойы полигонның зардабын тартты. Тіршілік атаулыға ажал сепкен сынақтардың салдарынан мүгедек болып қалғандар әлі күнге дейін аурусырқаудан арыла алмай келеді.
1989 жылы “Невада – Семей” халықаралық антиядролық қозғалысы құрылып, оны ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов басқарды. Осылайша, бұл қозғалыс полигонның жабылуына зор үлесін қосты. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі үндеу қабылданды. Онда былай делінген болатын: “Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда әрі қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз “Невада – Семей” қозғалысын құрдық”. Мамандар полигон зардабының табиғатқа әсері төмендеуі үшін жылдар ғана емес, бірнеше ғасыр керек дегенді алға тартып отыр. Осының өзінен-ақ зардап көлемінің ұшан-теңіз екенін көруге болады. Соңғы сынақтардан бері арада біраз жылдар өтсе де, Семей полигоны күні бүгінге дейін қауіпті аймақ болып саналады.
1970 жылы мен 18 жастағы бозбала едім. Отан алдындағы борышымызды өтеуге шақырылған қатарластарыммен бірге қазіргі Курчатов қаласына (ол кезде “Соңғы станция” деп аталатын) аттандық. Сол жерде екі жыл әскери борышымызды өтеп, өзімізге жүктелген тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен атқардық. Мәселен, алғашқы жарылыс сәтінде тік тұрудың өзі қиынға соқты. Сілкіністің бір минутқа жақын созылғаны әлі есімде. Ол кезде жас болғандықтан, мұның зардабын толық түсінген жоқпыз. Қызмет кезінде сапта тұрғанымызда кейбір жігіттер есінен танып құлайтын. Ол кезде бізге басынан күн өтті дейтін. Ақиқатында мұндай жағдайлар біз жұтқан уланған ауа мен ішкен лас судың салдарынан екен ғой. Менімен бірге сол қалада Қызылжар өңірінен Асқар Мусин, Қозыбай Нұрғалиев, Қабду Ахметов, Қайролла Ысқақов, Нұрман Қайырбаев, Мұхамеджан Әбішев, Қуанышбай Нұрсейітов, Алмағанбет Жәнібеков, Рақымжан Жүсіпов, Жанәбіл Нұрмағанбетов деген жігіттер болды.
Қазіргі уақытта облыста тұрып жатқан Семей атом полигонынан зардап шеккен адамдардың нақты саны белгісіз. Болжам бойынша 500-ден асады. Олардың көбі белгілі себептерге байланысты әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 2016 жылы Петропавл қаласында “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігін құрдық. Облыстық әкімдік Жастар сарайынан кабинет беріп, сонда орналастық. Бірлестікке 142 адам мүшелікке енсе, олардың 80-і – Петропавл қаласының тұрғындары. Ал әлеуметтік көмек алатындардың саны отыз шақты ғана. Қалғандары мемлекеттік қолдаудың игілігін әлі күнге дейін көре алмауда. Біздің мақсатымыз – тағдырластарымызға қол ұшын беріп, мүддесін қорғап, өздеріне тиесілі жеңілдіктерді алуға қолдау көрсету. Көптеген қатарластарымыз артериялық қысымнан, жүрек, көз ауруларынан қиындық көруде.
Өз басым Семей атом полигонының тікелей қатысушысы мәртебесін алу үшін төрт жыл бойы түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырдым. Жергілікті архивке, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке, Қорғаныс министрлігіне бірнеше рет өтініш жазуыма тура келді. Бұл мәртебеге ие болғандарға жылына бір рет Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларындағы әскери госпитальда емделу, жергілікті санаторийлердің бірінде тынығу, қала ішінде автобустармен жүргенде жеңілдік алу және үш жылда бір рет тістерін протездеу құқығы беріледі. Бұдан бөлек, зейнетақыға ақша қосылады. Өңірімізде мұндай жеңілдікке қол жеткізгендер санаулы ғана. Бір жерде қызмет етсек те, кейбір қатарластарымыздың мұндай қолдаудан қалыс қалып жатқаны өкінішті-ақ. Денсаулығы сыр берген азаматтарға қымбат дәрілер, госпитальдар мен санаторийлерде емделу ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Ал қажетті қағаз жинау жұмыстары ұзақ уақытқа созылып, жүйкені жұқартатыны жасырын емес.
Осыдан 5 жыл бұрын бір өкпем істемей қалды. Қазіргі уақытта қан қысымым көтеріліп, басқа да аурулар жүріп-тұруыма қиындық туғызуда. Мұның барлығы – радиацияның салдары. Бірақ бір орында отыруға болмайды. Тағдырластарыма көмектесу мақсатында атқаратын жұмыс әлі де көп. Ядролық сынақтардың зардабын өскелең ұрпаққа түсіндіру – біздің міндетіміз. Сондай-ақ, алдағы уақытта облыс орталығында Семей полигонынан зардап шеккен жерлестерімізге арналған ескерткіш орнатылса деген тілегіміз бар.
Асхат ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ,
“СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігінің төрағасы.