Облыста 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелсе, соның 20 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Өткен жылы жастар қоғамдық бірлестігі үкіметтік емес ұйымдар мен салалық мемлекеттік органдар арасында сауалнама жүргізген болатын. Нәтижесінде ауылдық жердегі үкіметтік емес ұйымдардың қаржының жетіспеушілігі, материалдық базаның нашарлығы, әлеуметтік жобалау саласындағы мамандар біліктілігінің төмендігі, ұйымдарда жеке кеңсенің жоқтығы сияқты мәселелермен жиі ұшырасатыны белгілі болды. Жауап берушілердің басым бөлігі жаңа қаржыландыру көзін ойластыру қажет екенін айтты.
Осы мәселені шешу мақсатында “Жастар саламатты өмір салтын қолдайды” жастар қоғамдық бірлестігі ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға қатысты жобаны жүзеге асыруда.
Жобаның негізгі міндеті ауылдық жердегі үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттырып, тұрғындардың әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге атсалысуға шақыру болып табылады. Жоба аясында үкіметтік емес ұйымдарға арналған электронды кітапханасы бар, гранттар, семинарлар бойынша ақпараттар жарияланатын сайт іске қосылды. Өзара тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттыру үшін ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың одағы құрылып, “Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі” шағын гранттар конкурсы ұйымдастырылды. Конкурсқа ұсынылған 10 жоба Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада таныстырылды.
Қорытындысында “Қызылжар аудандық мүгедектер бірлестігі” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дана Қожахметованың “Жаңа өмір – жаңа мүмкіндіктер” жобасы үздік деп танылды. Оны жүзеге асыру аясында автор мамандармен бірге мүмкіндігі шектеулі және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналған әйелдерге психологиялық және моральдық оңалту шараларын қолға алмақ. Сонымен қатар оларды визажист және шаштараз мамандықтары бойынша оқыту қарастырылған. Дана Қожахметованың айтуынша, осы арқылы облыстағы жұмыссыздық деңгейін де төмендетуге болады.