Солтүстікқазақстандық полицейлер екі күндік “Жолда қабылдау” акциясын өткізді.
Акцияның бірінші күнінде облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің адалдық және превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибуллин тұрғындарды “Сity Мall” сауда үйінің жанында қабылдады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қоғамдық қабылдау аулаларда да ұйымдастырылды.
Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Оспановтың айтуына қарағанда, тек акцияның алғашқы күнінде облыс полицейлері 169 сұрақты қараған. Олардың 29 – жол қозғалысына, 26 – көші-қон заңнамасына, 19 – көлікті тіркеуге қатысты болған.
Тұрғындарды барынша қамту үшін полицейлер Instagram мен Facebook әлеуметтік желілерінде тікелей эфир ұйымдастырды. Эфирдің алғашқы минуттарында акцияға қатысып отырған әр офицер өз жұмыстарының негізгі бағыттарына тоқталды. Кейін желі қолданушылары сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Азаматтарды толғандырған мәселелер көші-қон қызметіне, қаруды сақтау мен тіркеуге, көліктерді техникалық байқаудан өткізу және жалпы жол қозғалысына қатысты болды.
Акция барысында тәртіп сақшылары 400-ден астам сұрақты қарастырды.
Сурет http://mvd.gov.kz сайтынан алынды.