«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫРЫҚ ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ҚЫРҒЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1991 жылдың 29 тамызында еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Жарлығымен қырық жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, “мылтықсыз майданның” ошағы болған Семей полигоны жабылды. Бұл – Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі болатын.

Кеңес заманында Қазақстан ау­мағында атом бомбалары сынақ­тан өткені белгілі. Арнайы 18 млн. гектар жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Әлемдегі ең ірі полигондардың бірі болған бұл жерде 1949 жылдың 29 тамызынан бастап 500-ге жуық жерасты және жерүсті сынақтары өткізілді. Нәти­жесінде ауа ластанып, халық орны толмас зардап шекті. Әрбір жары­лыстан кейін улы газ желмен жан-жаққа тарап, адамдарға зиянын тигізді. Жер мен аспан тү­тінге оранып, экология апаттық жағ­дайда деп танылды. Зиянды ра­дио­активтік заттар топырақты, су­ды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Халқы­мыз ұзақ жылдар бойы полигонның зардабын тартты. Тіршілік атау­лыға ажал сепкен сынақтардың сал­дарынан мүгедек болып қалғандар әлі күнге дейін аурусырқаудан арыла алмай келеді.
1989 жылы “Невада – Семей” халықаралық антиядролық қозға­лысы құрылып, оны ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов басқарды. Осылайша, бұл қозғалыс полигонның жабылуына зор үлесін қосты. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауы­лында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі үндеу қабылданды. Онда былай делінген болатын: “Сайын дала­мыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда әрі қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келе­шекті қауіппен күтудеміз. Уайым­сыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз “Невада – Семей” қозғалысын құрдық”. Ма­мандар полигон зардабының таби­ғатқа әсері төмендеуі үшін жылдар ғана емес, бірнеше ғасыр керек дегенді алға тартып отыр. Осының өзінен-ақ зардап көлемінің ұшан-теңіз екенін көруге болады. Соңғы сынақтардан бері арада біраз жылдар өтсе де, Семей полигоны күні бүгінге дейін қауіпті аймақ болып саналады.
1970 жылы мен 18 жастағы боз­бала едім. Отан алдындағы боры­шымызды өтеуге шақырылған қатарластарыммен бірге қазіргі Кур­чатов қаласына (ол кезде “Соңғы станция” деп аталатын) аттандық. Сол жерде екі жыл әскери боры­шымызды өтеп, өзімізге жүктелген тапсырмаларды үлкен жауапкер­шілікпен атқардық. Мәселен, ал­ғашқы жарылыс сәтінде тік тұрудың өзі қиынға соқты. Сілкіністің бір ми­нутқа жақын созылғаны әлі есімде. Ол кезде жас болғандық­тан, мұның зардабын толық түсінген жоқпыз. Қызмет кезінде сап­та тұрғанымызда кейбір жігіттер есінен танып құлайтын. Ол кезде бізге басынан күн өтті дейтін. Ақи­қатында мұндай жағдайлар біз жұт­қан уланған ауа мен ішкен лас су­дың салдарынан екен ғой. Ме­німен бірге сол қалада Қызылжар өңірі­нен Ас­қар Мусин, Қозыбай Нұрға­лиев, Қабду Ахметов, Қай­ролла Ыс­қақов, Нұрман Қайыр­баев, Мұха­мед­жан Әбішев, Қуа­нышбай Нұр­сейітов, Алмағанбет Жәнібеков, Ра­қымжан Жүсіпов, Жанәбіл Нұрма­ғанбетов деген жігіттер болды.
Қазіргі уақытта облыста тұрып жатқан Семей атом полигонынан зардап шеккен адамдардың нақты саны белгісіз. Болжам бойынша 500-ден асады. Олардың көбі бел­гілі себептерге байланысты әлеу­меттік көмекке қол жеткізе алмай жүр. Осы олқылықтың орнын тол­тыру үшін 2016 жылы Петропавл қаласында “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігін құрдық. Об­лыстық әкімдік Жастар сарайы­нан кабинет беріп, сонда орналас­тық. Бірлестікке 142 адам мүшелік­ке енсе, олардың 80-і – Петропавл қаласының тұрғындары. Ал әлеу­меттік көмек алатындардың саны отыз шақты ғана. Қалғандары мемле­кеттік қолдаудың игілігін әлі күнге дейін көре алмауда. Біздің мақса­ты­мыз – тағдырлас­тары­мызға қол ұшын беріп, мүд­десін қорғап, өздеріне тиесілі жеңілдік­терді алуға қолдау көрсету. Көпте­ген қатарластарымыз арте­рия­лық қысымнан, жүрек, көз ауру­ларынан қиындық көруде.
Өз басым Семей атом полиго­нының тікелей қатысушысы мәрте­бесін алу үшін төрт жыл бойы түрлі мекемелердің табалдырығын тоз­дырдым. Жергілікті архивке, об­лыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке, Қорғаныс министр­лігіне бірнеше рет өтініш жазуыма тура келді. Бұл мәртебеге ие бол­ған­дарға жылына бір рет Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларындағы әскери госпитальда емделу, жергілікті санаторийлердің бірінде тынығу, қала ішінде автобустармен жүргенде жеңілдік алу және үш жылда бір рет тістерін протездеу құ­қығы беріледі. Бұдан бөлек, зей­нет­ақыға ақша қосыла­ды. Өңіріміз­де мұндай жеңілдікке қол жеткізген­дер санаулы ғана. Бір жерде қыз­мет етсек те, кейбір қатарластары­мыздың мұндай қол­дау­­дан қалыс қалып жатқаны өкінішті-ақ. Ден­саулығы сыр берген азаматтарға қымбат дәрілер, госпитальдар мен санаторийлерде емделу ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Ал қажетті қағаз жинау жұмыстары ұзақ уақытқа созылып, жүйкені жұқартатыны жасырын емес.
Осыдан 5 жыл бұрын бір өкпем істемей қалды. Қазіргі уақытта қан қысымым көтеріліп, басқа да аурулар жүріп-тұруыма қиындық туғызуда. Мұның барлығы – ра­диацияның салдары. Бірақ бір орында отыруға болмайды. Тағ­дыр­лас­тарыма көмектесу мақса­тында атқаратын жұмыс әлі де көп. Ядролық сынақтардың зардабын өскелең ұрпаққа түсіндіру – біздің міндетіміз. Сондай-ақ, алдағы уа­қытта облыс орталығында Семей полигонынан зардап шеккен жер­лес­терімізге арналған ескерткіш орнатылса деген тілегіміз бар.

Асхат ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ,
“СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp