Демалушылардың думанды ордасына айналған, табиғаты тамылжыған Шалқар және Имантау көлдерінің жағалауларында 38 демалыс базасы бар. Бұл демалыс орындары тәулігіне 25 мың адамды қабылдай алады. Жыл соңына дейін олардың қатары тағы 7 демалыс базасымен толықпақ. Алайда, нысандардың басым бөлігі жаз мезгілінде ғана жұмысын жүргізетіні көңілге кірбің түсіреді. Себебі, олардың тең жартысы инфрақұрылымдық желілерге қосылмаған. Атап айтар болсақ, 26 база бүгінге дейін жарықсыз отырса, 25-сіне орталықтандырылған су жүйесі тартылмаған. Ал жыл он екі ай жұмыс істейтіндері саусақпен санарлықтай. Осы орайда “Шалқар-Имантау” демалыс аймағында қысы-жазы қызмет атқаратын “Изумрудное” демалыс орны тартымдылығымен танылғанын атап өткен жөн.
Бір жылдың ішінде тұрғызылған демалыс базасы бір уақытта 80 адамды қабылдай алады. Демалыс кешенінің басшысы Александр Воронов еңбек жолын қарапайым тракторшы болып бастаған. 1989 жылдан “Лобаново” кеңшарында трактор-егіс бригадасын басқарды. Іскер азамат кәсібін кеңейту мақсатында Шалқар көлінің жағасында демалыс базасын ашып, туризм саласында бағын сынап көруге кіріседі. Ал бүгінгі күні бұл саланың қыр-сырын терең меңгеріп алды.
– Бүгінгі таңда тау асып, шетелге сабылмай-ақ, өз елімізде де демалуға болады. Біз демалушыларды жыл бойы қабылдап, қызмет көрсете аламыз. 80 орындық демалыс кешенінің құрылысына 50 миллион теңге қаржы жұмсалды. Нысандардың барлығы жайлы, – дейді Александр Васильевич.
Қазіргі уақытта екіқабатты қонақүй салынуда. Кәсіпкердің өзге әріптестерінен басты айырмашылығы – ол бұл бастамасын толығымен өз қаражатына жүзеге асыруда. Бүгінге дейін кәсібіне 80 млн. теңгеден астам қаржы құйған. Қаладағы күйбің тірліктен шаршағандарды сұлу табиғат және іші жайлы әрі жылы екіқабатты коттедждер күтіп тұр. Шалқар көлінің жағасында қайықтар мен басқа да жүзу құралдары бар.
Демалушыларды көбірек қабылдау үшін ол алдағы уақытта үйлердің санын көбейтуді жоспарлап отыр. Себебі, биыл ашылған туристік базаға сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Мәселен, қазір коттедждердің тек біреуі ғана бос. Қалғандары тынығушыларға лық толы. Айыртаулықтардан бөлек, өзге өңірлердің тұрғындары және Ресейдің шекаралас облыстарынан демалушылар келуде.
Туристік базаның жұмысын жүргізу бір адамға оңай соқпасы анық. Сондықтан Александр Васильевичке үлкен ұлы Юрий көмектесуде. Ол қонақтарды қарсы алу, жайғастыру және экскурсия жүргізу міндеттерін атқарады.
– Ашылғалы бері жұмыссыз отырған күніміз жоқ. Қазір ауа райы салқын болса да туристер ағылып жатыр. Коттеджердің бағасы да қолжетімді. Клиенттеріміздің көңілінен шығу үшін қолдан келгеннің барлығын жасаудамыз. Басқа демалыс базаларында дәл мұндай жағдай жасалған деп айта алмаймын, – дейді ол.
Демалыс орындары көпшілікке қолжетімді болуы керектігін ескерген басшылық алдағы уақытта сервистік қызметті дамыту мәселесін қолға алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, демалыс орнына апаратын жолды қалпына келтіру және интернет арқылы жарнамалау шаралары қолға алынбақшы.
Бүгінгі күні “Шалқар-Имантау” демалыс аймағын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мамандарының айтуынша, демалыс аймағы ішкі туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған бағдарламасы аясында ел бойынша үздік 10 жобаның тізіміне кірген. Кешенді жоспарға сәйкес инженерлік және автокөлік инфрақұрылымын салу, демалыс аймағын абаттандыру, инвесторларды тарту, маркетинг, жарнамалауды жүзеге асыру көзделген. Туристер санын көбейту үшін Айыртау ауданына баратын тозығы жеткен көлік жолдарын жөндеуге 3 млрд. теңге бөлінді. Өңір тұрғындарының қажеттілігіне сай қолға алынған бастамалардың бірқатары өткен жылы аяқталса, кейбірі әлі де жалғасуда. Соған қарамастан, пайдаланылмай жатқан резервтер баршылық, жыл бойы жұмысын жүргізетін туризм нысандарының саны әлі де аз.
Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова атап өткендей, соңғы үш жылда өңірімізге келген туристердің саны 39 пайызға артқан. Өткен жылдың алғашқы 9 айында облысымыздағы 109 туристік нысан 126 мың қонаққа қызмет көрсеткен. Ал Шалқар мен Имантау көлдеріне жиі келетіндердің 80 пайызын Ресейдің шекаралас облыстарының тұрғындары құраған. Демалушылар қыс уақытында да келуге дайын. Ендеше, қажетті инфрақұрылым тартылған демалыс орындарының санын көбейту арқылы ғана жыл бойы жұмыс жүргізетін туристік нысандардың қанат жаюына жағдай тудыра аламыз.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: демалыс базасының директоры А.Воронов; жаңа салынған демалыс кешені.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.