«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШҚА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстанның мәдениет қайраткері, ардагер ұстаз, өлкетанушы Қайролла Мұқановтың “Абылай Рамазанов – Алаш қайраткері” атты кітабының тұсаукесері өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, автордың замандастары мен мектеп оқушылары қатысты.

Шарада Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері, жазушы Сұлтан Оразалин халқымыздың небір асыл азаматтарының жоқтаушысына ай­налған ардақты ұстаздың жаңа жинағына шолу жасап өтті. Қайролла Мұ­қанов бұл кітабында Қызылжар өңі­рінде өмір сүріп, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған ұлт зиялысы Абылай Рамазанов жайлы қалам тербеген. Ұзақ жылдар бойы есімі елеусіз қалып келген азамат өз за­манында Мағжан Жұмабаев, Мір­жа­қып Дулатов, Жұмағали Тілеулин сынды Алаш қайрат­керлерінің жанында жүріп, оларға жан-жақты қолдау көрсеткен. Ха­лықтың сауатын ашу мақсатында ауыл балаларына ұс­таздық етіп, олардың Уфада, Омбы­да, Стамбулда білім алуына жағ­дай жасаған. Түрлі дауларға төрелік айтқаны да тарихи деректерде кездеседі.
– Ел-жұртқа қайырымды болып, жомарттығымен аты шыққан ардақты тұлғаның еңбегі біраз уақыт бойы ескерілмей келгені анық. Бұл ретте аталмыш кітап Алаш қайрат­керінің көпшілікке танылуына жол ашады. Қайролла Мұқановтың көп еңбектенгені, мұрағаттан құжаттар жинастырып, жан-жақты ізденгені анық байқалады, – деді Сұлтан Ора­залин.
Бұдан соң жиында Абылай Ра­мазановтың немересі – Ауыл ша­руа­шылығы ғылымдары академия­сының академигі, профессор Аяз Ра­мазанов, Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері, белгілі ғалым Серік Негимов Алаш ардақтысы­ның ата тегі, өмірі, қажылық са­пары, қуғын-сүргінге ұшырауы тура­лы баяндады. Абылай қажының Мек­кеге сапар шегуі ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарымен тұспа-тұс келе­ді. Ол Пайғамбарымыздың туған же­ріне бір өзі ғана тәу етіп қоймай, басқа да қазақ азаматтарының қа­жылыққа баруына көмегін берген.
Жиын соңында әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Мұқанова елге қалт­қысыз қызмет еткен қайрат­керлерді ұлықтау, олардың есімін өскелең ұрпақ жадынан өшірмеу ке­ректігін айтты.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp