«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АНА КӨРГЕН ТОН ПІШЕР”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нәзік жанның ой-қиялынан туған ұлттық нақыштағы бұйымдар әралуандылығымен ерекшеленеді. Азаматтық қорғаныс саласында қызмет ететін Жазира Құрманова сүйікті ісі үшін қашан да уақыт таба біледі. Кешкілікте немесе демалыс күндерінде ине-жібін қолына алады, ұлттық ою-өрнекті пішу кезінде кейіпкеріміз уақытты ұмытып, қиял әлеміне енгендей болады. 

Жазира тігіншілікке бала кезінен құмар. Анасының үйреткендерін қайталап, түрлі маталардан қуыршақтарына киім-кешек тігуге тырысқан сәттері әлі күнге дейін көз алдында. Көпбалалы отбасында дүниеге келген кішкентай қыз әкесі өмірден озған соң көп қиындық көргенін айтады. Отбасының бар тірлігі анасына жүктелген сәтте ескі тігін машинасының көмегі көп тиіпті. Азғантай уақыттың ішінде іс тігуге қолы үйренген қаршадай қыз бес ағасының киім-кешегін өзі даярлап, анасына аз да болса қолғабыс жасаған. “Бала кезімде анамның рұқсатынсыз маталарды қиып алып, киім үлгілерін тігуге талпынатынмын. Осылайша шеберлігімді шыңдай түстім. Мектепте оқып жүрген кезде ас үйге арналған түрлі жабдықтарды тігіп, тоқымаға бет бұра бастадым. Жоғары сыныптарда оқып жүргенде анама шашақты шәлі тоқып бергенім әлі есімде”, – дейді Жазира Құрманова. 

Ол мектептегі еңбек пәнінің ұстазы Вера Шаяхметованы ілтипатпен еске алады. Вера Кәрімқызы Жазираның тігіншілікке икемі бар екенін байқап, оның қабілетін арттыруға ден қояды. Оны өзінің тігін машинасына отырғызып, сабақтан соң түрлі бұйымдар жасауға үйретеді. Сол сәттерді Жазира былай еске алады: “Ұстазымның айтқанын мұқият тыңдап, оның сенімінен шығуға тырысатынмын. Соның нәтижесінде 11-сыныпты тамамдаған сәтте Вера Кәрімқызы маған “үшінші санатты тігінші” сертификатын табыстаған еді. Мен мұны әлі күнге дейін үлкен жетістіктерімнің біріне балаймын”, – деп ой бөлісті Жазира.
Оқу орнын аяқтап, мамандық таңдау сәті түскенде анасы қызының тігіншіден гөрі мұғалім болуын қалаған екен. Сөйтіп, Жазира Құрманова М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ге оқуға түседі. Кейін ұстаздық етсе де, жанына ләззат сыйлайтын тігіншілік өнерден қол үзбеуге тырысады. Облыс орталығына көшіп келген соң өрт сөндіру қызметіне орналасқан тұсында да сүйікті ісін ұмыт қалдырмайды. Оның ою-өрнекпен безендірілген көрпе-жастықтары туған-туысқандарының төрінде жиюлы тұр. Жазираның әскери салада қызмет істеп келе жатқанына 14 жылдан асқанын да айтып өткен жөн.
Қолы қалт еткен кезде тігін тігумен айналысады. Анасының сыйға тартқан тігін машинасы кәдеге жарап тұр. “Тұрмысқа қажетті төсек-жабдықтарын сатып алмаймын. Бәрін өзім тігемін. Ою-өрнектерге баса назар аударамын. Құрбыларым мен әріптестерім қымбат матадан тігілген төсек жапқыштар мен көрпе-жастықтарға тапсырыс береді. Бұл іске жауапкершілікпен қарап, жан-жақты безендіріп, сапалы етіп жасауға тырысамын”, – дейді Жазира. Шебер құрақтың ескі үлгісін қайта жаңғыртуға талпынып, төр көрпелерге түрлі нақышты кеңінен қолданады. Ол сондай-ақ, ою-өрнекті орналастыру тәртібіне де ерекше мән береді. Мысалы, қошқармүйіз оюымен жас жұбайларға арналған төсек жабдығын кестелейді. Мұндай төсек-орынға ие болған жас шаңырақта көп бала өмірге келеді деген сенім бар. Қа­зақ­тың оюына тәнті болса керек, бірде оның жастығын шетелдіктер сатып алыпты. Он саусағынан өнер тамған ісмер жанның тұскілемі, дорба-қоржындары да түрлі өрнекпен сәнделген. Әрбіріне салынған суреттерде өзіндік мән-мағына бар. Мәселен, көрпеге салынатын үшбұрыш құрағы ғаламның үш белгісі – су, жер, ауаны аңғартады. Ал бал арасының ұясы негізінде жасалған “алты табақ” құрағы молшылық, берекені білдіреді. Жан-жануар бейнесі де ырымдалып салынған. Шебер қыздың жасауына кіретін махаббат көрпесіне қос аққу суреті жібек жіппен кестеленген.
“Бұрын көптің алғысын алған ісмер әжем мен анам “Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер” деп айтып отырушы еді. Мені тігіншілікке баулып, адал жолмен жүруді үйреткен әжемнің текеметтері шаңырағымның төрінде сақтаулы тұр. Көздің жауын алатын ою-өрнекке толы бұл бұйымдарды қонақтар келгенде ғана төсеймін. Өйткені, ол маған аса қымбат жандардың көзіндей”, – дейді шебер.
Ел ішіндегі осындай ісмерлер ұлттық болмысымызды жаңғыртуға үлес қосып жүргені көңілге қуаныш ұялатады.

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Ж.Құрманова.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp