“Жастар жылы” аясында Ақжар ауданындағы Ақжарқын ауылдық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен “Екі жұлдыз” байқауы өтті. Аталмыш байқауда ауылдық округтердің өнерпаздары бақтарын сынады.
Қатысушылар екі кезең бойынша сынға түсті. Ән әуелетіп, күй күмбірлеткен өнерпаздардың орындау шеберлігіне, сахна мәдениеті мен әртістік қабілетіне қазылар алқасы баға берді. Байқау қорытындысы бойынша Талшық ауылынан қатысқан Марат Сәрсенов пен Айнұр Зәкеноваға бірінші орын бұйырса, Алқатеректен келген Мәрлен Сәрсенбайұлы мен Дияна Байғожина екінші орынға ие болды. Ал үшінші орынға Қазан ауылының намысын қорғаған Олег Сватко мен Күнсұлу Жұмаділова табан тіреді. “Көрермен көзайымы” аталымын жеңіп алған өзге қатысушылар да байқаудан құр алақан қайтпады.