“Березка” облыстық балалар сауықтыру лагерінде өңіріміздегі мектеп орман шаруашылықтарының кезекті слет-байқауы өтті. Сегізінші мәрте ұйымдастырылып отырған шараға 7-ші және 11-ші сыныптардың оқушылары, яғни, 12 команда қатысты.
Байқаудың басты мақсаты – үздік ұжымдарды іріктеу және ынталандыру, жас ұрпақтың табиғатты қорғау және орман шаруашылығы туралы сауаттылық деңгейлерін арттыру.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. “Орманды сақтайық” деген тақырыпта тұсаукесер, “Орман көпсайысы” командалық эстафетасы, “Сәлемдеме” және “Үгіт бригадасы” деген командалық жарыстарда үміткерлердің білімдері, тапқырлық қасиеттері сыналды.
Қызықты және тартымды өткен доданың қорытындысы бойынша Жамбыл ауданындағы “Преснов орман шаруашылығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің намысын қорғаған Троицк орта мектебінің “Орман тимуршылары” атты командасы бірінші орынның иегері атанды. Ал Тайынша және Қызылжар аудандарының орман шаруашылықтары атынан өнер көрсеткен “Экос” және “Орман қорғаушылары” командалары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер сертификаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сурет http://dpr.sko.gov.kz сайтынан алынды.