«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПОРЫННЫҢ ҚУАТЫ АРТТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ы жарты ғасырдан астам уақыт бедерінде республикамыздың дамуына сүбелі үлес қосуда. 1961 жылы құрылған зауыт кезінде одақ көлеміндегІ іргелі өндіріс орындарының бірі болып, мемлекеттің қорғаныс саласына қызмет көрсетті. Зымыран кешені мен метеорологиялық ракета сияқты күрделі өнімдер шығарып дүниежүзіне танылды. 

Қазақстан егеменді ел болған кезде кәсіпорынымыз дамудың жаңа сатысына көтерілді. Жыл өткен сайын қуаттылығы артып, өнімділігі өсіп келе жатқан республикадағы ірі компаниялардың біріне айналды. “Қазақстан инжиниринг” ұлттық компаниясының құрамына кіретін кәсіпорын бүгінде еліміздегі мұнай өңдеу саласы үшін жабдықтар мен қосалқы бөлшектер шығарады. Сондай-ақ, энергетикалық жабдықтар, жүк көтергіш техникалар, темір жолды жөндеу және қызмет көрсететін, халық тұтынатын тауарлар жасайды.

Бүгінгі таңда зауытта 6 өндірістік бөлімше бар. Оларда металл кесетін, ұсталық-престік, металл құю, термиялық өңдеу, дәнекерлеу және тағы басқа жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік беретін 1,3 мың станок бар. Өкінішке қарай, бұл жабдықтардың басым бөлігі тозығы жеткен, көбі кеңес заманынан қалған. Сондықтан мүмкіндігінше оларды жаңартып отыруға тырысамыз. Жоспарлаған жобаларды жүзеге асыру арқылы кәсіпорынның қуаттылығы артып, өнім сапасы жоғарылай түсті.
Көпбейінді өндірістік және сынақ базасымен, жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілген зауыттың ішкі және сыртқы нарықтағы беделін арттыруға басымдық берілген. Осы орайда, ірі жобаларды жүзеге асыру үшін кәсіпорында жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, 2008-2015 жылдар аралығында зауыттың техникалық паркі жаңартылды. Одан кейін де жоғары технологиялық құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл өнім қатарын көбейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін берді. Бүгінгі таңда зауытта тоғыз жүзден астам адам еңбек етуде.
Экономиканы технологиялық жаңғырту еліміз үшін жақын болашақтағы басты басымдықтардың біріне айналып отыр. Атап айтқанда, мемлекет сандық технологияларды, яғни жаңа индустрияларды кеңінен тарату міндетін қоюда. Осыған орай елімізде қорғаныс кәсіпорындарында өндірістік үдерістерді цифрландыру белсенді түрде енгізілуде. Жаңа технологиялардың арқасында өндірілетін бұйымдардың қатары кеңейтіліп, отандық өнімдерді экспортқа шығару бойынша шаралар кешені іске асырылады деп күтілуде. Бұл жұмыстар біздің облыста да сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап айтқым келеді.
Үстіміздегі жылы кәсіпорында жаңғырту жұмыстарын жүргізуге ел бюджетінен 4,4 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржыға 39 заманауи әрі жоғары өнімді құрал-жабдық сатып алынуда. Қазіргі уақытта зауытқа жеткізілген 22 станоктың 12-сі орнатылды. Бұл станоктар – Еуроодақ елдері мен Оңтүстік Кореяның жетекші фирмаларының заманауи жабдықтары.
Кешенді жұмыстар аясында зауыттың энергетикалық-машина жасау цехында ондаған жылдар бойы үзіліссіз жұмыс істеген құрылғылар “Hyundai” компаниясының 7 станогына ауыстырылды. Заманауи жабдықтар ескі баламаларға қарағанда, 3-4 есе тез жұмыс істейді әрі өнімнің сапасы да біршама жоғары. Бұл өз кезегінде өндірісті толық автоматтандыруға мүмкіндік бермек. Ұжымдағы еңбек қауіпсіздігін сақтап, жаңғырту жұмыстарын жүргізу арқылы алдағы уақытта өнім көлемін екі есе көбейту көзделіп отыр.
Сондай-ақ, өндірістік базалардың бірінде “MDC” жүйесін енгізу бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылатын болады. Жоба ғаламтор арқылы өндіріс туралы ақпарат жинап, мамандар мен станоктардың жұмысына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, зауыттағы кадр тапшылығын шешуге, техникалық мамандардың біліктілігін арттыруға жол ашылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру, халықаралық сапа стандарттарын енгізетін және өз өнімімен жаңа нарыққа шығатын кәсіпорындарды қолдауды міндеттеді. Мұндай оң көзқарас отандық өнім шы­ғарып, ұлттық брендті қа­лып­тас­­тыруға бар күшін салып келе жатқан зауыттың іскерлік тұрғыда­ғы көкжиегін кеңейте түсері сөзсіз.
Біздің кәсіпорынның өнімдері халықара­лық талаптарға жауап береді. Тапсырыс берушінің тала­бына сәйкес құрал-жаб­­дық­­-тар “ГОСТ”, “ОСТ”, “СТРК”, “ТЕМА”, “ASME” және “АРІ” стандарттары­на сай орындалды. Мұнай-газ өндіру және өңдеу салалары бойынша көптеген жоба­лар АҚШ-тың “Tengizchevroil”, Жапонияның “JGC Corporation” және “Marubeni Corporation”, Германияның “Bentec”, Ұлы­британияның “PFD International”, Голлан­дия­­ның “Frames”, Қытайдың “Sinopec Engineering” сияқты алдыңғы қа­тар­лы шетел­дік компаниялардың көмегімен жүзеге асы­рылды.
“Петропавл ауыр машина жа­сау зауыты” АҚ-ы шығаратын барлық өнімдер лицен­зия­­ға ие екенін атап айтқым келеді. Біз рес­пуб­ликадағы машина жасау кәсіп­орында­ры­ның ішінде алғашқы­лардың бірі болып халық­аралық стандарттағы сапа менедж­менті жүйесінің сәйкестік сертифи­катына қол жеткіздік. “TUV CERT” халықаралық ұйым­ының сер­тифи­катын 2003 жылы алған бола­тын­быз. Кейін халықаралық DIN EN ISO 9001 және мемлекеттік СТ РК ИСО 9001 стан­дарттағы сапа ме­недж­менті жүйе­­сі­нің сәйкестік сертифи­каттарына ие бол­дық. Зауыт 2006 жылы “ASME” (Амери­каның ин­женер-механиктерінің қоғамы) нор­малық стандарттарына сәйкес ке­летін жүйені енгізді. Былтыр кә­сіпорын “ASME Code” халықара­лық стандарты бойынша “U”және “R” сертификаттарына ие болды. “U” таңбасы бар қысыммен жұмыс істейтін бойлерлер мен ыдыстарды өндіру құқығын беретін сертификат біздің нарықтағы позиция­мыз­ды нығайтуға мүмкіндік береді. Ал “R” таңбасы бар авторизация сертификаты арқылы кә­сіпорынға пайдаланатын жабдықтарға ке­шенді жөндеу жүргізе аламыз.
Қолға алынып жатқан жаңғырту жұмыс­тары мен жобалар зауыт­тың экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашпақ.

Вадим ШАҚШАҚБАЕВ,
“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ның бас директоры.
СУРЕТТЕ: зауыт жұмысшылары жаңа станоктарды меңгеруде.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp