Солтүстік Қазақстан облысында жабылудың аз-ақ алдында тұрған ферма екі жылда адам танымастай өзгерді. Бұл – мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалана білген фермер еңбегінің жемісі. Тайынша ауданындағы “Донецкое – Нұрлы Жол” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс орталығынан 200 шақырым жерде орналасқан. Донецкое ауылының тіршілігі тұралап, берекесі кете бастағанда іскер азаматтар күш біріктіріп, елді мекеннің тамырына қан жүгірткен болатын.
– Мен өмір бойы егіншілікпен айналысып келемін. Екі жыл бұрын Донецкое ауылындағы ферма жабылып, жергілікті тұрғындар жұмыссыз қалды. Әкімдіктің өтініші бойынша мен қалған дүниені сақтап қалуға бел байладым”, – дейді “Донецкое – Нұрлы Жол” ЖШС-нің директоры Сәкен Нұрғалиев. 2017 жылы фермер өзінің досымен екі шаруашылықты біріктіріп, серіктестік құрады. Сондағы базаны, қойманы, қырманды сатып алады. Кейін асыл тұқымды ірі қара алудың жолдарын іздейді. Мал санын көбейтіп, шаруашылықты кеңейтіп, ауылды қайта қалпына келтіруге, азаматтарға жұмыс тауып беруге бар күш-жігерлерін жұмсайды.
Өткен жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан “Сыбаға” бағдарламасы арқылы 40 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, оған чехиялық “Agro Royal” компаниясынан 60 бас симменталь тұқымды тайынша сатып әкелді. Сондай-ақ, серіктестік қордың “Ырыс” бағдарламасы арқылы шаруашылығын кеңейткен. 79 млн. теңге несиеге Словакиядағы “Sevita” компаниясымен келісімшартқа отыру арқылы симменталь тұқымды малдың екінші партиясын жеткізген. Енді “Беларусь – 921” тракторын, жүк тиегіш және басқа да шаруашылыққа қажетті құрал-жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр.
– Біз жалақы бойынша қарыз болып жүрген 10 жұмысшының еңбекақысын төлеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алдық. Бүгінгі таңда фермада 28 адам жұмыс істейді және олар лайықты еңбекақыларын алып отыр, – дейді Сәкен Нұрғалиев. Алған несиелері ірі қара санын 250-ден 600 басқа дейін көбейтуге мүмкіндік берді. Оның ішінде 110 бас асылтұқымды сиыр бар. Биыл күзде Словакиядан тағы 100 бас ірі қара әкелмек. Асылтұқымды сиырлардың бір жарым айлық бұзауы жергілікті жартыжылдық бұзаудан үлкен болады. Асылтұқымды малмен жұмыс істегендердің табысы да артық. Мысалы, жергілікті сиырлардан сауыншылар 100 мың теңге тапса, сырттан келген асылтұқымды сиырды сауатындардың еңбекақысы шамамен 150 мың теңгеге жетеді.
Бүгінгі күні Донецкое ауылында бес жүзге жуық адам тұрады. Оларға шаруашылық басшылығы үлкен көмек көрсетіп отыр. Өйткені, ауылда жұмыс бар, табыс бар. Ерінбей еңбек еткен адамның тұрмысы да жақсы. Серіктестік ауылдан құдық қазып, жаңа ғимараттар салып, жолдарды жөндеп жатыр. Ауыл мектебіне де ұдайы көмектесіп тұрады.
Соңғы үш жылда “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” өңірге етті және сүтті бағыттағы мал басын көбейту үшін 1,4 млрд. теңге қаржы бөлді. Соның нәтижесінде 2,3 мың бас ірі қара сатып алынған. Етті және сүтті бағыттағы мал басын арттыруға несие беру жұмыстары жалғасуда.
Айдар ТӨЛЕЕВ,
“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалы директорының орынбасары.
Сурет https://qazaly.kz сайтынан алынды.